Аталған шараларды іске асыру тасымалдардың ашықтығын арттыруға, бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді
Қазақстанның көлік апталығы аясында өткен «New Silk Way» халықаралық бизнес-форумында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Д. Жұмақұлов «Автомобильмен жүк тасымалдаудың цифрлық экожүйесі» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысты,
Өз сөзінде Комитет төрағасы халықаралық автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесін цифрландыру нәтижелері туралы баяндады. 2026 жылы шетелдік рұқсат бланкілерімен электрондық алмасу Әзірбайжан, Түркия және Қырғызстан елдерімен кеңейтіліп, Грузиямен тестілік алмасу басталды.
Бүгінгі таңда электрондық форматта 700 мыңға жуық шетелдік рұқсат бланкісі берілді.
Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы рұқсат беруден бастап оның нақты пайдаланылғанын растауға дейінгі халықаралық автомобиль тасымалдарын толық циклді цифрлық бақылауды енгізуге ерекше назар аударылды.
Аталған шараларды іске асыру тасымалдардың ашықтығын арттыруға, бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға және тәуекелге бағдарланған көліктік бақылауға көшуге мүмкіндік береді.