Премьер-министр Әділет органдарын цифрландыру мәселелері бойынша жиын өткізді
«Сандық жүйе мен жасанды интеллектіні қолдану барлық саланың дамуын жылдамдатып, тиімділігін арттырады». Премьер-министр Олжас Бектенов Әділет органдарын цифрландыру мәселелері бойынша өткен жиында осылай деді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Кездесуде құқықтық саланы дамыту, сот орындаушыларының жұмысын тиімді ету, сараптама қызметін жаңарту және халықтың құқықтық көмек алу мүмкіндігін жақсарту жолдары сөз болды. Олжас Бектенов Әділет органдарын цифрландыру құқықтық жүйені реформалаудың негізгі бағыттарының бірі және заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды құралы екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша елімізде суперкомпьютер пайда болды. Бәріңіз көрдіңіздер. Енді Орталық Азия өңіріндегі суперкомпьютер ең қуатты құрал қолымызда бар. Суперкомпьютер мемлекеттік органдарға бизнеске жаңа цифрлық технологияларды енгізу үшін үлкен мүмкіндіктер береді. Сондықтан осы суперкомпьютерді экономиканың, мемлекеттік басқарудың барлық саласына дұрыстап пайдалана білу керек», - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Жиында Премьер-министр Олжас Бектеновке саланың цифрлық трансформациясы және жаңа сервистерді енгізу туралы баяндама жасалды. Мәселен, ведомство автордың құқығын қорғау мақсатында бірыңғай цифрлық платформа әзірлеп жатыр екен.
Аталған сервис келер жылы іске қосылады деп жоспарланған. Тиісті заң жобасы Мәжіліс депутаттарының қарауында.
«Телефон арқылы үйде отырып бәрін қадағалап отыруға болады. Автордың қанша өлеңі қандай мекемеде, кафе, мейрамхана болсын, сауда орталығы, театр, телевидение немесе радио болсын, бәрін қарап отырады. Соның бәрін қарап, келісім бойынша қанша ақша жиналғанын және қанша ақша оған тиесілі екенін қарай отыра алады», - деді «Qazpatent» ұлттық зияткерлік меншік институтының директоры Сәбит Ахметов.
Оқи отырыңыз: Алматыда көгалдандыру мен абаттандыруға арналған арнайы құрылым құрылады