Автотұрақтағы өрт: ауруханаға түскен науқастың жағдайы ауыр
Алдын ала мәлімет бойынша, көліктердің бірінде электр сымдары қысқа тұйықталып, соның салдарынан өрт шыққан
Астанада автотұрақта тұрған 5 көлік өртеніп кетті. Оның төртеуінің қаңқасы ғана қалса, біреуі жартылай зақымдалған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға сағат 5:30-да болған. Отқа оранған автокөліктердің екеуі бір отбасына тиесілі.
Оның бірінің иесі Ілияс Дулаттың айтуынша, жалын алдымен Volkswagen Passat көлігінен шыққан. Қатты желдің салдарынан тілсіз жау жақын тұрған төрт темір тұлпарға тараған. Ілиястың ағасы өрттің арасынан бір көлікті алып шығуға тырысқан. Алайда оны шығару мүмкін болмай, өзінің денесін күйік шалып, ауруханаға жеткізілген. Ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Денсаулық сақтау басқармасы науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты екенін хабарлады.
«Оқиға куәгерлері көліктердің дабылын қосу үшін машиналарды ұра бастаған. Сол кезде сыртқа шықтық. Алдымен ағамның көлігін көрдім, ол сол уақытта өртеніп жатқан. Біз екінші көлікті құтқаруға тырыстық. Ағам оны алып шығуға әрекеттенді. Алайда мүмкін болмады. Өрттің шығу себебін бейнекамерадан қарап анықтауға тырыстық. Кадрдан алдымен Volkswagen Passat көлігінің тұтанғанын, кейін оның үлкен өртке ұласқаны көрінеді», – деді зардап шегуші Ілияс Дулат.
Алдын ала мәлімет бойынша, көліктердің бірінде электр сымдары қысқа тұйықталып, соның салдарынан өрт шыққан. Бұл туралы Полиция департаменті хабарлады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы, өрттің нақты шығу себебі және келтірілген материалдық шығын көлемі анықталып жатыр. Ал өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минут ішінде жеткен. Құтқарушылар келген кезде 5 көлік жанып жатқан. Мамандар қызыл жалынды жедел сөндірген.
«Қатты желдің салдарынан жалын бір-біріне жақын тұрған автокөліктерге тез тараған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жетіп, өртті жедел түрде сөндірді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұргүл Нұрғалиева.
Оқи отырыңыз: Алматыда тұрғын үй кешеніндегі заңсыз қайта құру жұмыстары тоқтатылды