Азаматтардың жеке деректері Конституция деңгейінде қорғалады

08.07.2026 20:49

Жеке деректерді қорғау – елдің цифрлық қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі

Енді азаматтардың жеке ақпараттарын қорғау жаңа Конституция деңгейінде іске асады. Ата Заңның 21-бабына сәйкес, арнайы нормалар Цифрлық кодекс пен «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң аясында бекітіледі. Мемлекеттік қызметтерді пайдалану, онлайн төлем жасау немесе әлеуметтік желілерге тіркелу кезінде азаматтардың жеке деректері түрлі ақпараттық жүйелерде өңделеді. Сондықтан оларды қорғау цифрлық қауіпсіздіктің негізгі бағыттарының біріне айналып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Былтыр елімізде шамамен 16 миллион адамның жеке дерегі тарап, талай азаматты тығырыққа тіреген. Енді банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, хат-хабарлардың, телефон арқылы сөйлесулердің, пошта және өзге де хабарламалардың, соның ішінде цифрлық технологиялар арқылы берілетін ақпараттың құпиялығы заңмен қорғалады. Бұл талап жаңартылған Конституцияның 21-бабының 2-тармағында көрсетілген.

Сарапшылардың айтуынша, жеке деректерді қорғау цифрлық дәуірдің ең өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр.

«Негізі өте жақсы. Себебі қазіргі уақытта мошенниктер, алаяқтар көбейіп жатыр. Бұл олардың алдын алады. Біздің жеке деректеріміздің сыртқа шығып кетуіне жол бермейді. Адамдардың жеке деректері сақталып, қорықпай өмір сүре алады», – деді қала тұрғыны Фехиме Уяр.

Ал қала тұрғыны Гүлсара Шағдарованың айтуынша, алаяқтар көбіне азаматтардың жеке мәліметтерін алуға тырысады. Сондықтан құпия ақпаратты ешкімге бермеу – қауіпсіздіктің басты кепілі.

«Код айтыңыз, осынша ақша бере тұрасыз ба деген жағдайлар болды. WhatsApp арқылы да хабарласты. Кейін дереу "Ешқандай ақша бермеңіздер, олар алаяқтар" деген ескерту келді. Өзіміздің құпия деректерімізді сақтап, ешқандай мәлімет бермесек, бұл бізді көптеген жамандықтан қорғайды деп ойлаймын», – деді Гүлсара Шағдарова.

Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістердің маңызы жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуымен одан әрі арта түседі. Қазір цифрлық жүйелер үлкен көлемдегі ақпаратты талдап, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар медицина, білім беру және басқа да көптеген салада кеңінен қолданылып келеді. Алайда мұнымен бірге жеке деректердің таралуы, алаяқтық әрекеттер мен азаматтардың мәліметтерін заңсыз пайдалану қаупі де күшейіп отыр.

«Жасанды интеллектінің екі қыры бар. Бір жағынан, ол көптеген үдерісті автоматтандырып, ақпаратты жылдам өңдеуге және қауіп-қатерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, болашақта оны киберқылмыскерлер де өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін. Қолды болған жеке деректерді алаяқтар әлеуметтік инженерия тәсілдері арқылы азаматтарды алдау үшін кеңінен қолданады. Қазақстан цифрландыру деңгейі бойынша Орталық Азияда көш бастап келеді. Сондықтан бұл саладағы алғашқы заңнамалық бастамаларды жүзеге асыратын елдердің бірі боламыз деп сенемін», – деді Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Киберқауіпсіздік кафедрасының аға оқытушысы Райымбек Мақазов.

Заңгерлердің айтуынша, жеке деректерді қорғау – елдің цифрлық қауіпсіздігінің маңызды құрамдас бөлігі. Бұл өзгеріс азаматтардың заманауи технологиялар мен мемлекеттік цифрлық қызметтерге деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

«Азаматтарға цифрлық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу қажет. Жеке деректер тек аты-жөні немесе телефон нөмірі ғана емес. Бұл – адамның жеке өміріне қатысты барлық ақпарат. Сондықтан азаматтарды жеке мәліметтерін, соның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасын үшінші тұлғаларға бермеуге шақырамыз», – деді Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Файзулла Смағұл.

Айта кетейік, Конституцияда бекітілген бұл қағидалар алдағы уақытта Цифрлық кодексте және «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңда кеңінен көрініс табады. Жаңа нормалар азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік цифрлық қызметтерге деген сенімді арттыруға бағытталған.

Ербол Медетбек, Аида Иманәлі, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Университетке есімі беріледі: Төрегелді Шармановтың ұлы Президентке алғыс білдірді