Азаматтарға арналған автолизинг: Министрлік маңызды мәлімдеме жасады

Оның айтуынша, 2025 жылы пилоттық жоба ретінде іске қосылған бағдарлама сәуір айында уақытша тоқтатылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы қайта іске қосылады. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды  Аlmaty.tv 

Оның айтуынша, 2025 жылы пилоттық жоба ретінде іске қосылған бағдарлама сәуір айында уақытша тоқтатылған. Себебі жоба барысында салалық мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар ескерту түскен.

Атап айтқанда, жол қозғалысы ережесін бұзған жағдайда айыппұлды кім төлейтіні, салықтық міндеттемелерді реттеу және мемлекеттік ақпараттық жүйенің толық интеграцияланбауы секілді олқылықтар анықталған.

Қазіргі таңда аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Соған қарамастан, Ерсайын Нағаспаев автолизинг бағдарламасы өз тиімділігін жоғалтпағанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл тетік азаматтарға автокөлік сатып алудың балама әрі қолжетімді мүмкіндігі.

«Бағдарлама қабылданды. Биыл автолизинг бағдарламасы пилоттық режимде бірнеше ай жұмыс істеді. Сонымен қатар салалық мемлекеттік органдардан қосымша ескертулер мен ұсыныстар түсті. Мемлекеттік органдардан түскен барлық ескертулерді жинақтадық. Қазір енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар келісудің соңғы кезеңінде тұр. Біз олардың барлығын қарап, пысықтадық. Жақын уақытта бұл туралы қосымша ақпарат айтамыз», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Оқи отырыңыз: Елімізде электр көліктеріне арналған 250 жаңа қуаттау станциясы салынады