Азаматымның құны 19 мың теңге емес еді: күйеуі жол оқиғасынан қайтыс болған келіншек әділдік іздейді

19.11.2025 21:38

Екінші автокөліктің жүргізушісі – кәмелетке толмаған 17 жастағы жасөспірім

«Арқа сүйер азаматымның құны 19 мың теңге емес еді». Алматы облысына қарасты Іле ауданында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан күйеуінен айырылған келіншек осылай деп налып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жол апатынан бүтін бір отбасы тірегінен айырылды. Жақын маңда орналасқан Нұрлы жол саяжайынан негізгі тас жолға шығуға талпынған темір тұлпардағы азамат қатты жылдамдықпен келе жатқан көлікпен соқтығысқан. Сорақысы сол, екінші автокөліктің жүргізушісі – кәмелетке толмаған 17 жастағы жасөспірім. Салдарынан апталдай азамат оқиға орнында тіл тартпастан бақиға аттанған.

Жантүршігерлік жайт биыл 26 мамырда болған. Марқұмның жанында көлікте үлкен ұлы отырған.. Ол да ауыр жарақаттың салдарынан 3 апта ауруханада жатып шыққан. Денсаулығы тек бірнеше отадан кейін қалпына келіпті.

«Жеке бір куәгер болды, ол – жолдың арғы бетінде тұрған үлкен кісі. Соңынан полиция көлігімен қуып келе жатыр еді. Ол қарсы жолаққа шығып, көлікті басып озып, соғады. Артқы есігін ашып қарасам, баласы  «Папа, тұр, тұр, көзіңді ашшы» деп жатқанын көзіммен көргенін айтты», – деді  «Нұрлы жол» саяжайының тұрғыны Қобыланбатыр Бекмәмбетов.

Бес бірдей баламен ер азаматыан айырылған көпбалалы ананың тұңғышы да әлі кәмелетке толмаған, сүт кенжесі болса 8 жасқа толды. Келіншектің айтуынша, жүргізуші куәлігінсіз көлікті жоғары жылдамдықпен басқарған жас жігіт ешқандай жаза арқаламады. Құзырлы орган өкілдері тек жасөспірімнің ата-анасына 19 мың теңге айыппұл салғар. Өйткені жол апатын тудырған марқұмның өзі деген шешім шығып, іс жабылып қалған. Алайда Жанат Розиева мұндай себеппен жас жігітті жазадан босату заңсыз деп есептейді.

«Маған олар 5 млн теңге үсынды. Мен алмадым, өйткені күйеуімнің құны 5 миллион теңге емес.  Бес баламның көз жасы 5 миллион теңге татымайды. «Әкешім, сені сағындым» деп күнде хат жазатын қызымның көз жасы 5 миллион тұрмайды. Олардың бір-ақ рет маған 5 млн беріп, істі жауып тастайық деп келгені керек болмады. Сол үшін мен олардан бес тиын ақша алмадым», – деді марқұмның әйелі Жанат Розиева.

Келіншектің ендігі тілегі - жасөспірімді өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырып, марқұмның кенжесі кәмелетке толғанша өтемақы алу. Ал облыстық полиция департаменті аталған жайтқа қатысты тергеп-тексеру жүргізіліп, қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді.

«Кінәлі адамның қаза болуына байланысты прокуратураның келісімі негізінде қылмыстық іс өндірістен қысқартылды. Сонымен қатар, Мерседес көлігінің иесі көлік құралын жүргізуші куәлігі жоқ адамға басқаруға бергені үшін жауапкершілікке тартылды», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Айта кетейік, марқұмның отбасы әділдік іздеп Бас прокуратураға хат жолдапты. Енді сол жақтан мардымды жауап күтіп отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, Алматы облысы

Оқи отырыңыз:  Қолы байлаулы болған: Қарағандыда анасы 4 жасар баласына қатыгездік көрсетіп келген