Алматы облысының тұрғыны Айдын Құдасбаевтың әйелі қайтыс болып, ол 6 баламен қалған
«Алатау Жарық Компаниясы» көпбалалы жалғызбасты әкеге үй салып берді. Жарты жыл бұрын Алматы облысының тұрғыны Айдын Құдасбаевтың әйелі қайтыс болып, ол 6 баламен қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құдасбаевтар әулетінде бүгін үлкен той. Жарты жыл бұрын жарынан айырылған көпбалалы әке Айдын Әбілқасынұлына әріптесері үй салып берді. Ал су жаңа баспананың кілтін табыстауға «Алатау Жарық компаниясының» төрағасы мен жергілікті басшылар арнайы келген.
«Бүгін үлкен игі шараның куәсі болып отырмыз. Жарты жыл бұрын әріптесіміздің жары қайтыс болды. Көпбалалы отбасы болғандықтан төрағамыз Асылов Абай Ноғайұлының бастамасымен іс-шараны барлық қызметкер асарлатып бастаған едік. Бүгін нәтижесін көріп отырмыз», – деді «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ облыстық электр тораптары басқармасының атқарушы директоры Нұрлан Оспанқұлов.
5 қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған Айдын Құдасбаевтың жаңа баспанасы 30 жылдан астам тұрған Ұзынағаш ауылындағы ескі үйінің ауласынан бой көтерген. Қоныстойға жиналған әріптестері үйге керекті жабдықтарды сыйлық ретінде көтере келіпті.
«Үйді басқарма төрағасы Абай Ноғайұлының бастауымен мамырда бастадық. Қоныс тойын тойлап жатырмыз. Ол кісілерге, әріптестеріме алғысым шексіз!» – деді «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қызметкері Айдын Құдасбаев.
«Алатау Жарық Компаниясында» қиын жағдайға тап болған қызметкерлерге көмектесу үрдісі бұрыннан қалыптасқан. Игі шаруа болашақта да жалғаса бермек.
Асыл Махметов, Ханкелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: Мектепке дайындық: ата-аналардың есепшотына 20 млрд теңге аударылды