Кей өңірлерде коммуналдық төлемдердің өсуіне қосылған құн салығының көтерілуі әсер еткен. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv
Десе де Серік Жұманғарин күннің күрт суытып кеткені де тариф бағасына септігін тигізді деп отыр. Ол кейбір шоттардағы өсім әлдеқайда көп болғанын да мойындайды. Сондықтан артық төлемдерді қайта есептеп, тұрғындардың шығынын реттеу бойынша шаралар қолға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ вице-премьер жыл басынан бері азық-түліктің қымбаттау себебін түсіндірді. Сөзінше тек бізде емес, әлем бойынша азықтың құны артқан. Әсіресе, сүт пен еттің бағасы өскен. Сондықтан ол «елде тамақ бағасының қымбаттауын тек қосылған құн салығының өсуінен көре беруге болмайды» деп мәлімдеді.
«Қазақстан бүкіл азық-түлік түрімен қамтамасыз етпейтінін білесіздер. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 70-90 пайызын шығарамыз. Ал бұл тізімге кірмейтін өнімдерді сатып алатындар, оның сырттан келетінін түсінуі керек. Әлемдік нарықта баға көтеріліп келеді. Отандық тауар бағасы да қымбаттап жатыр, сұраныс жоғары, сондықтан шаруалар өнімін шетелге сатып, табыс тапқысы келеді. Біз оларға шектеу қоя алмаймыз», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық балалардың алимент алу құқығы қалай қорғалмақ