Азық-түлік бағасын негізсіз көтергендер қатаң жазаланбақ

Биыл сатушыларға 50,8 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үкімет азық-түлік құнын қадағалауды тапсырды. Ал бағаны негізсіз көтергендер қатаң жазаланбақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл сатушыларға 50,8 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Үкімет отырысында импорттық азық-түлік өндірісін арттыруды тапсырған Премьер-министр Олжас Бектенов бұл инфляцияны төмендетудің бірден-бір жолы екенін атап өтті. Өкініштісі, әлі күнге дейін ішкі нарықты отандық өніммен жеткілікті деңгейде қамти алмай отырмыз. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы шеңберіндегі қойылған басты міндет. Алайда басқаны айтпағанда халық жиі тұтынатын тауардың бағасын ұстап тұрудың өзі мұңға айналды. Оны Сауда және интеграция министрлігі де растап отыр.

«Бағаның өзгерісін байқап отырмыз. Әсіресе картопқа, жұмыртқа, тауық еті және қарақұмық сияқты 19 әлеуметтік маңызы бар санаттағы кейбірін өзгеріс бар. Ал биыл бидай, ұн, сүт деген тауарлар бағасы тұрақты.  Жаңағы аталған тауарлардың бағасының өзгеруіне түрлі себеп бар. Ең негізгі себеп – елдегі тарифтердің өзгеруі. Электр энергиясы, бензин бағасы болсын 0,1 пайыз өзгерсе, оның әсері азық-түліктің бағасында көрінеді», – деді  ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз хатшысы Тойгүл Жұбанисова.

Тек қазан айында бағасы өскен тауарларға тоқталсақ. Қымбаттаған азық-түліктер қатарында ас содасы, қымыз, банан, қызыл уылдырық және кофе бар. Баға құбылып тұрғанда ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып қалғысы келетіндер де азаймай тұр. Тауар бағасын қолдан өсіріп, пайдаға кенелгісі келген кәсіпкерлермен жұмыс та қарқынды жүріп жатыр. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар өңірлік комиссиялардың 960 отырысын өткізді. Нәтижесінде 2727 тиімсіз делдал және сауда үстемесін заңсыз көтеру фактілері анықталды. Сауда үстемесін 15 пайыздан жоғары қолданғаны үшін 2438 әкімшілік қаулы қабылданды. Оның ішінде 1267 айыппұлдың жалпы сомасы 50,8 миллион теңгеден асты, сондай-ақ 1171 ескерту берілді.

Естеріңізге сала кетейік, бағаны негізсіз өсіргені үшін кіші субьектілер, яғни шағын дүкендерге 10 айлық есептік көрсеткіш есебінде, орта субьектілерге 30 айлық, ал ірі сауда желілеріне 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Егер заңбұзушылық қайталанса, айыппұл да екі есе өседі.

Оқи отырыңыз: Өңірлік стандарттар жүйесі әдістемесін қайта қарау қажет - сенатор

Новости партнеров