Нысанда медициналық бөлім, әкімшілік кабинеттер, жатын корпустар және кең әрі жарық асхана, сондай-ақ заманауи спорт залы орналаспақ
Алматының Бағанашыл шағынауданындағы №1 балалар үйіне жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, нысан заманауи талаптарға сай қайта бой көтермек, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жауапты компания өз қаражаты есебінен жүзеге асырып жатқан жоба балаларға барынша қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруды мақсат етеді. Қазір құрылыс алаңында демонтаждау жұмыстары толық аяқталып, ескі үш қабатты оқу корпусы, өтпелі галерея, спорт және акт залдары, сондай-ақ кір жуу кешені түгелдей сүрілген.
«Жұмысты жүргізіп жатқан жауапты компаниямен бірлесе отырып, балаларды қолдау орталығындағы құрылыс барысымен таныстық. Нысанның сыртқы дизайнынан бастап, ішкі әрлеу және барлық қажеттінің болуы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар тәрбиеленушілерді де арнайы шақырдық. Өйткені олардың қалауы міндетті түрде ескерілуі тиіс», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Рафаэль Гасанов.¤
Айта кетейік, қайта бой көтеретін орталық бес блоктан тұрады. Мұнда медициналық бөлім, әкімшілік кабинеттер, жатын корпустар және кең әрі жарық асхана, сондай-ақ заманауи спорт залы орналаспақ. Ал нысанның жалпы аумағы 11 329 шаршы метрге дейін ұлғайып, кешен 2,5 гектар аумақты қамтиды. Құрылыс толық аяқталып, жаңарған балалар үйін 2026 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жұмыстар белгіленген кестеден кешікпей, жоспарға сай жүзеге асырылуда.
«Біз үшін балалардың болашағы маңызды. Біз әлеуметтік салада бизнестік корпоративтік міндеттемелеріміз бар. Сол үшін әлеуметтік жобаларға атсалысуымыз қажет. Әрқашанда тек балалар үйі, мектептер, басқа да әлеуметтік нысандар болсын әрқашан қатысамыз. Жобаны ниет етіп қолға алдық», – деді құрылыс компаниясының бас директоры Мадияр Саттыбаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару ісі қатаң бақылауға алынады