Елімізде ата-аналарға арналған кездесулер өтуде
Қазақстанда Отбасы күніне арналған апталық жалғасып жатыр. 7–13 қыркүйек аралығында өтіп жатқан апталықтың төртінші күні «Дені сау ұрпақ: бірге өсеміз» тақырыбына арналды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынща, осы күн аясында өңірлерде ата-аналарға бала денсаулығы мен дамуына қатысты пайдалы ақпарат беретін танымдық кездесулер ұйымдастырылады.
Мамандар ерте жастағы даму, дұрыс тамақтану, ұйқы тәртібі, баланың көңіл күйі және балабақшаға бейімделу мәселелері бойынша кеңес береді.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ата-аналар үшін ашық есік күндері өтеді. Онда балалардың қауіпсіздігі, мекемедегі күн тәртібі және ата-аналар мен тәрбиешілер арасындағы дұрыс қарым-қатынас орнату мәселелері талқыланады.
Репродуктивті денсаулық және саналы жоспарлау
Апталық аясында медициналық мекемелер мен жастар ресурстық орталықтарында репродуктивті денсаулық және отбасын саналы түрде жоспарлау тақырыптарына да көңіл бөлінеді.
Ал ата-аналар мен балаларға арналған «Телефондағы отбасы» жобасы цифрлық қауіпсіздікке бағытталған. Кездесулерде интернеттегі қауіпсіздік, кибербуллингтің алдын алу, цифрлық тәуелділіктен сақтану, жеке деректерді қорғау және интернеттегі жеке шекараны сақтау туралы айтылады.
Жалпы, Отбасы күніне арналған апталықтың мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайтып, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәдениетін дамыту. Апталық аясында еліміздің өңірлерінде ақпараттық, ағартушылық және қоғамдық іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Айта кетейік, Отбасы күні Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтеді. Биылғы апталық 7 қыркүйекте басталып, 13 қыркүйекке дейін жалғасады.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде «Отбасымыздың бір күні» ұранымен #Otbasym2026 жалпыұлттық челленджі өтіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда жыл басынан бері 53 мыңнан астам жұмыс орны құрылды