Бала саны аз: СҚО-да 8 шағын жинақты мектеп жабылуы мүмкін

Аудандық білім бөлімі мамандарының айтуынша, шағын жинақты мектептердің тағдыры оқушы санына тікелей байланысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

СҚО шағын жинақты мектептерді сақтап қалу – өзекті мәселе. Биыл ауылдардағы мұндай 8 білім мекемесі жабылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Шал ақын ауданындағы Жаңаталап ауылының бастауыш мектебі. Өткен жылы мұнда 5 бала оқыған. Ал биыл үшеуі ғана қалып, оқу ошағы жабылған. Ал оқушылар көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр.

«Екі отбасындағы жастардың балалары осы мектепте оқып келген. Өкінішке қарай, жабылғалы тұр. Біз мектептің жабылатынын білдік, өйткені бала санының жетпейтінін жылда айтылып келеді. Ауыл әкімі жиналыс өткізді, бәрі біледі», – деді Жаңаталап ауылының тұрғыны Раушан Есімсейітова.

Ал Еңбек ауылындағы мектеп жұмысын жалғастыратын болды. Көктемде мұнда 5 бала оқып, жаңа оқу жылында жабылады деп болжаған. Алайда мектеп ұстаздары барынша тырысып, жұмысын тоқтатуына қарсылық білдірген. Соның нәтижесінде қоныс аударғандардың саны артып, қыркүйекте білім ошағы есігін қайта ашады. Аталған мектепте 5 мұғалім дәріс береді. 

«Бүкіл ауыл, туыс болып балалар іздеуге кірістік. Қоныс аударғандарға хабарласып, ауылымызды таныстырдық. Қалай тұратынымызды көрсетіп, видео жібердік. Өте қарапайым өмір сүреміз. 19 үй бар. Әрқайсысының шаруашылығы бар», – деді Еңбек ауылы бастауыш мектебінің мұғалімі Нұргүл Қожахметова.

Аудандық білім бөлімі мамандарының айтуынша, шағын жинақты мектептердің тағдыры оқушы санына тікелей байланысты. Егер белгіленген көрсеткіштен төмен болса, оқу орны жұмысын тоқтатады.

Айта кетейік, ауданда 29 мектеп болған, қазір оның 27-сі қалды. Оның ішінде 16-сы орта, 9-ы негізгі, қалғандары – бастауыш мектеп.

«Бұл негізгі мектеп болған. Бірақ тұрғындардың көшіп кетуіне байланысты бастауышқа айналдырылды. Бос үй жоқ, тек балалар өсіп, көшіп кеткен, жастар қалмады. Келесі жылы ауылымызды «Азаматтарды көшіру» бағдарламасына енгізуге өтініш береді. Өйткені қолдау қажет», – деді Шал ақын аудандық білім бөлімінің бас маманы Елена Зубкова.

СҚО-да 444 мектеп бар, оның 76 пайызы шағын жинақты білім ордасы. Ал 40 пайызында оқушылар саны белгіленген көрсеткіштен төмен. Биыл 8 мектепті жабу мәселесі қаралған, алайда түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.

Гүлмарал Изатқызы, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, СҚО

Оқи отырыңыз: Алматыда студенттерге арналған дағдарыс орталығында қандай қолдау көрсетіледі

Новости партнеров