Бала жүрегі - отбасы әлемі: Алматыда балалар байқауы өтті

21.05.2025 13:35

Жеңімпаздар 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде марапатталады

Алматыда бала қиялын қанаттандырған ерекше байқау өтті. «Бала жүрегі - отбасы әлемі» атты сурет сайысы Алмалы ауданына қарасты барлық мектеп оқушысының басын қосқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Шабыт» балаларды дамыту орталығында ұйымдастырылған шығармашылық іс-шарада 100-ден аса оқушы қылқаламмен сыр шертіп, отбасы туралы жүрек түкпіріндегі әсерін бейнелеуге тырысты. Бастама халықаралық мерекеге орайластырылған «Қазақстан балалары» жобасының аясында өтті.

Айта кетейік, орталыққа 2 мыңға жуық бала келіп, 5 түрлі бағыт бойынша тәлім алады.

«Балалар сурет арқылы Отанына, отбасына, ұлттық құндылыққа деген сүйіспеншілігін білдіреді. Әр сурет – бала жүрегінің айнасы. Біздің басты мақсат – біздің балаларымызға бейбітшілікте, достықта, шаттықта өсетін қоғам құру», – деді «Шабыт» балаларды дамыту орталығының директоры Бақытгүл Мұратқызы.

Сурет байқауы орталықтың 3 бөлігінде қатар ұйымдастырылды. 6 мен 14 жас аралығындағы балалар отбасына деген махаббатын қылқалам арқылы жеткізуге тырысқан. Жеңімпаздар 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде марапатталады.

 «Бала жүрегі - отбасы әлемі» тақырыбында сурет салдым. Онда ата-анамның және жүректің суретінсалдым. Жүректің түсін қызғылт түспен бояп, одан кейін үйдің суретін салдым. Үйдің қабырғасын жасыл түспен, ал шатырын көк түспен боядым. Терезесіне әдемі гүл тұр», – деді байқауға қатысушы Зере Ержан.

Оқи отырыңыз: Алматыда оқу жылы аяқталғаннан кейін мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын бастайды