Балабақшаға қабылдау: ата-ана жолдаманы бес күн ішінде рәсімдеу керек

04.06.2025 15:25

Балабақшаға қабылдау 31 тамызға дейін жүргізіледі

Almaty.tv

Елімізде балаларды балабақшаға қабылдау 31 тамызға дейін жүргізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілген өңірлерде сертификаттарды бөлу 1 шілдеден бастап жүзеге асады. Ваучерді алу үшін келісімді 2 күннің ішінде растау керек. Үлгермеген жағдайда өтініш күшін жояды. Тек 28 күннен кейін ғана қайта қалпына келтіруге болады. Жолдаманы алғаннан кейін ата-ана балабақшаны таңдап, құжаттарды жинап, келісімшартты 5 жұмыс күні ішінде рәсімдеуі керек. Егер балабақшада бос орын болмаса, ата-ана баланы «күту парағына» қоя алады. Бос орын пайда болған жағдайда жеке кабинетке хабарлама жіберіледі. Ал қалған өңірлерде балаларды балабақшаға қабылдау 1 тамыздан басталады.

«Бос орын туралы хабарламалар алдымен кезекте тұрғандарға беріледі. Ата-анаға жолдаманы растауға немесе одан бас тартуға 2 күн беріледі. Егер жолдама расталса, 5 жұмыс күні ішінде құжаттарды тапсырып, келісімшарт жасайды. Қажет болған жағдайда жолдаманы 30 күнтізбелік күнге дейін бір рет ұзартуға болады. Егер құжаттардың толық пакеті ұсынылмаса, мерзімі өтіп кетсе немесе екпе алмаған балалар саны рұқсат етілген мөлшерден асып кетсе, балабақша құжаттарды қабылдаудан бас тартады», – деді  ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің бас сарапшысы Мерген Әбдіров. 

Оқи отырыңыз: Алматыда жас полицейлерге алғашқы шендері табысталды