Бұл шара Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен өткізілді
Алматыда «Қазақстан балалары» бағдарламасының аясында мектеп оқушыларына цифрлық мамандықтар таныстырылып, экскурсия ұйымдастырылды. Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына барған жастар жеке куәліктерді рәсімдеуге арналған терминалдың, тәулік бойы дайын құжаттарды таратуға қауқарлы постаматтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жеке деректі қорғау, ғаламтордағы қауіпсіздікке мән беру, алаяқтардың құрығынан сақтану – цифрлық дәуірдің басты талабы. Сол себепті мамандар5 -7 сынып оқушыларына мәселенің маңызын түсіндіріп, қауіпке қарсы тұрудың жолын үйретті. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жаңашаланған жүйелер жөнінде ақпарат беріп, жеке куәлікті алуға және оны ауыстыруға көмектесетін қондырғы жайлы айтты.
Атап өтейік, терминал 5 минуттың ішінде өтінішті қабылдай алады.
«24 сағат жұмыс істейтін терминалдан QR-код арқылы құжат алуды үйрендік. Желідегі, интернеттегі адамдар ақпартты ұрламас үшін ата-анамыздың рұқсатымен оны штрих-кодпен бұғаттау арқылы өзімізді қорғаймыз», – деді оқушы Шапағат Жақсылық.
Цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шарада оқушыларға «ЦОН» мобилді қосымшасы да таныстырылды. Оның көмегімен орталыққа келушілер кезекті онлайн түрде рәсімдей алады. Сонымен қатар мамандармен тілдесуге де мүмкіндік қарастырылған.
«Негізгі мақсат – цифрлық мамандықтармен таныстыру. Халыққа қызмет көрсету орталығындағы мамандардың жұмысымен жақынырақ таныстыру, цифрлық сауаттылығын арттыру. Өйткені бүгінгі таңда ғаламтордағы қауіпсіздік өзекті мәселе. Бұл шара балаларды қорғау күніне арналған», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының PR-менеджері Даурия Сыдықова.
«Цифрлық мамандықтар қалашығы» аталатын эстафета кейін Алматы политехникалық колледжінде жалғасты. Бастама жастарға ІТ саласындағы заманауи мамандықтарды таныстыруды мақсат еткен. Желідегі сілтемелердің қауіптілігін көрсетіп, гаджеттерді жауапкершілікпен пайдалануға шақырады.
«Шын мәнінде, цифрлық құралдар ортақ игілік үшін жұмыс істеуі керек. Біз интернетті пайдаланған балалар алаяқтардың арбауына түсіп қалмауын, фишинг сияқты шабуылдарға ұшырамауын қалаймыз. Олар желіні қауіпсіз түрде пайдалана білсе деген мақсатта эстафетаны өткізіп жатырмыз», – деді Алматы политехникалық колледжінің директоры Медет Омарбеков
Ұйымдастырушылар, оқушылардың болашақ мамандықтарына ерте бастан қызығушылық танытқанын жөн санайды. Сондай-ақ жас буынды білімді етіп тәрбиелеу, білмегенін үйретіп, тәжірибе жүзінде көрсетіп отыру маңызды.
Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Шерзаттың ісі: марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесіндегі жарақаттарға сараптама жасалды