Балалардың үлгерімі нашарлап кетті: Атыраудың іргесіндегі мектеп қашан ашылады

Күте-күте шаршаған ата-аналар мектептің алдына жиналып, шу шығарды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Үш ауысымда білім алатын балаларымыздың үлгерімі нашарлап, оқуға деген құлшынысы төмендеп барады». Атырау іргесіндегі Ақсай-2 ауылының тұрғындары жаңа оқу жылында мектеп қолданысқа берілмейтініне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күте-күте шаршаған ата-аналар мектептің алдына жиналып, шу шығарды. Олар құрылысы осыдан 2 жыл бұрын басталған білім мекемесінің әлі күнге дейін тапсырылмағанын айтып шағымданды. Тіпті оқушылардың үлгерімі де нашарлап кеткенін жасырмады.

«Төрт ауысыммен оқиды. Біз балаларымызды не спортқа бере алмаймыз, не қосымшаға бере алмаймыз. Бәріне уақыт керек. Қалада оқитын балалар бар, барып-келуіне уақыт кетеді. Мектеп желтоқсанда ашылу керек. Ол да біткен жоқ», – деді ата-ана Әйгерім Қазбекқызы.

Кестеге сай мектеп былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ құрылысы кешіккен. Ата-аналар биыл да білім мекемесіндегі жұмыстардың біте қоятынына күмәнмен қарап отыр. Өйткені ғимараттың ішкі жөндеуі әлі аяқталмаған.

«Мектептің 15 қыркүйекте ашылатынына күмәнмен қарап тұрмыз. Себебі сыртқы, ішкі жұмысы әлі біткен жоқ. Бес күнде қалай бітіреді? Соны ойлап тұрмыз. Менің үш немерем оқиды. Біреуі таңертең, біреуі түс қайта оқиды. Күніміз автобуста өтеді», – деді ата-ана Орынша Айдарова.

Ал жауаптылар 15 қыркүйекте мектеп қолданысқа беріледі деп сендірді.

 «900 орындық «Келешек мектебінің» жобасы аяқталды. Құжаттарды, мектепті қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Қыркүйектің аяғына дейін мектеп толығымен пайдалануға берілмек. Сол елдімекеннің оқушылары білім ордасында оқуға мүмкіндік алады. Бүгінде мектеп басшылығы тағайындалды», – деді білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.

Айта кетейік, «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан мекеме 900 орындық. Мұнда білім алушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Өңірде 9 үш ауысымды мектеп бар. Шенеуніктер оқушы орны тапшылығын жою мақсатында білек сыбана жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Жұлдыз Қайратқызы, Рамазан Өмен, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Абай облысында жаңа оқу жылында 10 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады

Новости партнеров