Бала ақшасын есептеп жұмсауды үйренуі керек
Жаңа оқу жылының басталуы – баланың күнделікті өміріне пайдалы қаржылық әдеттерді енгізуге қолайлы кезең. Қаржылық сауаттылық тек бюджет пен банк картасын білу емес. Бала ақшасын есептеп жұмсауды, жинақ жасауды, бағаларды салыстыруды және күмәнді ұсыныстардан бас тартуды да үйренуі керек, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Fingramota.kz сарапшылары мектеп жасынан бастап қалыптастыруға болатын жеті пайдалы әдетті ұсынады.
1. Сатып алмас бұрын есептеу
Балаға «ақшаңды жұмсама» дегеннен гөрі, сатып алғаннан кейін қанша қаражаты қалатынын есептеуді үйреткен дұрыс. Мысалы, қолында 6 мың теңге болса, 4 мың теңгелік затты сатып алғаннан кейін қалған 2 мың теңгенің басқа қажеттіліктерге жететін-жетпейтінін өзі бағаласын.
Бұл әдет кейін бөліп төлеу немесе кредит рәсімдеу кезінде де пайдалы болады.
2. Ақшаның бір бөлігін жинау
Балаға кез келген ақша түскен сайын оның аз бөлігін жинап отыруды әдетке айналдырған жөн. Бұл міндетті түрде үлкен сома болмауы керек. Ең маңыздысы – тұрақтылық.
Жинақтың мысалы, велосипед, құлаққап немесе сапарға қажетті ақша сияқты нақты мақсаты болса, балаға оны қалыптастыру оңайырақ.
3. Сатып алуды кейінге қалдыру
Қалаған затты бірден сатып ала салмай, шешімді кемінде бір күнге кейінге қалдыруды әдетке айналдыруға болады. Осы уақыт ішінде бағасын қайта қарап, басқа ұсыныстармен салыстыру қажет.
Бұл баланы эмоцияға беріліп сатып алудан және «тек бүгін», «соңғы мүмкіндік» сияқты асықтыратын жарнамаларға еріп кетуден сақтайды.
4. Аптасына бір рет шығындарды тексеру
Аптасына бес минутты баланың шығындарын бірге қарауға арнауға болады. Картадағы операцияларды, қолма-қол ақшаға кеткен қаражатты қарап, ақшаның неге көбірек жұмсалғанын талқылау жеткілікті.
Бұл жерде баланы сынамай, шығындарын өзі саралауына мүмкіндік берген дұрыс.
5. Кез келген қаржылық ұсынысқа бірден келіспеу
Күмәнді сілтеме, бейтаныс адамның ақша аудару туралы өтініші немесе «оңай ақша табу» ұсынысы түскенде баланың алғашқы әрекеті – тоқтау болуы керек.
Қарапайым алгоритмді үйреткен жөн: тоқта → сілтемеге өтпе → ақша аударма және дерек берме → ақпаратты тексер → ересек адамға айт.
Әсіресе банк картасын пайдалану үшін ақша ұсынатын немесе басқа адамның қаражатын аударуды сұрайтын адамдардан сақ болу керек. Мұндай ұсыныстар жасөспірімдерді дропперлік схемаларға тартуы мүмкін.
6. Құпия деректерді ешкімге бермеу
Бала PIN-кодын, SMS арқылы келген растау кодын, қосымшаның құпиясөзін және банк картасының деректерін ешкімге айтпауы керек.
Мұнда маңыздысы – бір қарапайым қағиданы қалыптастыру: кім сұраса да, құпия кодты айтпау.
7. Қателікті жасырмау
Бала артық ақша жұмсап қоюы немесе күмәнді сілтемеге өтіп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда оны жазалаудан бұрын болған жағдайды тез арада түзетуге көмектескен дұрыс.
Мысалы, картаны бұғаттау, құпиясөзді ауыстыру немесе банкке хабарласу қажет болуы мүмкін. Сондықтан отбасында қаржылық қателікті жасырмай, бірден ата-анаға айту керектігін алдын ала түсіндірген жөн.
Балалар ата-анасының әрекетін қайталайды
Қаржылық әдетті қалыптастыруда ата-ананың өз үлгісі маңызды. Егер ересектер сатып аларда бағаны салыстырып, ақша жинап, ірі шығындарды жоспарлап, күмәнді хабарламаларды тексеріп отырса, бала да осы әрекеттерді бойына сіңіреді.
Сарапшылар жеті әдеттің бәрін бірден енгізудің қажеті жоқ екенін атап өтеді. Алдымен екі-үш әдетті таңдап, бір ай бойы бірге қалыптастырып көруге болады. Мысалы, жоспарланбаған сатып алуды бір күнге кейінге қалдыру, аптасына бір рет шығындарды тексеру және әр түскен ақшаның бір бөлігін жинау.
Мақсат – балаға ақшаны қалай басқару керектігін айтып қана қою емес, дұрыс қаржылық әрекеттерді күнделікті әдетке айналдыру.
Оқи отырыңыз: Миды тынықтыруға көмектесетін қарапайым әдістер қандай