Баланың гаджетке тәуелді болып бара жатқанын қалай байқауға болады

05.09.2026 17:58

Мамандар ата-аналардың нені ескеруі керек екенін айтты

Аlmaty.tv

Смартфон, планшет пен басқа да гаджеттер қазіргі балалардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Оларды дұрыс пайдалану арқылы бала жаңа ақпарат алып, білімін жетілдіріп, шығармашылық қабілетін дамыта алады. Сонымен қатар гаджеттер құрдастарымен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Gazeta.ru жзуынша, алайда экран алдында ұзақ отыру бала денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Мамандар гаджетті шамадан тыс пайдалану көру қабілетіне, дене қалпына, зейінге, ұйқыға және эмоционалдық жағдайға кері әсер етуі ықтимал екенін ескертеді.

Әсіресе баланың алғашқы жылдарында гаджеттен гөрі ата-анамен тікелей қарым-қатынас маңызды. Бала сөйлеуді, эмоцияны және қоршаған ортаны ең алдымен адамдармен араласу арқылы үйренеді.

«Ешбір гаджет жақын адамның дауысын, эмоциясын және қолдауын алмастыра алмайды», – деді клиникалық психолог, сарапшы Татьяна Морозова.

Бала неге телефоннан айырылғысы келмейді?

Гаджетке тәуелділіктің бір себебі – оның адамға жылдам эмоциялық әсер беруі. Ойын, лайк немесе жаңа контент миға лезде жағымды әсер сыйлап, баланың құрылғыға қайта-қайта оралуына себеп болуы мүмкін.

Бала гаджетке тым әуес болып бара жатқанын бірнеше белгі арқылы байқауға болады. Мысалы, экран уақытын бақылай алмау, телефон шектелген кезде ашулану, шынайы қарым-қатынасқа, оқуға немесе сүйікті ісіне қызығушылықтың төмендеуі.

Мұндай жағдайда ұйқы мен тамақтану тәртібінің өзгеруі де байқалуы мүмкін. Егер осы белгілер тұрақты түрде көрінсе, маманның көмегіне жүгінген жөн.

Экран уақытын қалай дұрыс реттеуге болады?

Гаджетті баланың өмірінен толық алып тастау міндетті емес. Ең маңыздысы – оны пайдалануға нақты шектеу мен отбасылық ереже белгілеу.

Мысалы, отбасы мүшелері бірге тамақтанғанда телефон қолданбау, экран уақытын алдын ала белгілеу және қажет болса таймер пайдалану ұсынылады. Баланың қандай контент көріп жүргеніне де назар аудару маңызды.

Гаджетті ұйқыға дейін бір-екі сағат бұрын қолдануды тоқтатқан дұрыс. Сонымен қатар баланы экраннан тыс уақыт өткізуге – серуендеуге, спортпен айналысуға, бірге ойнауға және кітап оқуға ынталандыру қажет.

Ата-ананың өз үлгісі маңызды

Баланың гаджетке деген қарым-қатынасына ата-ананың әрекеті де тікелей әсер етеді. Егер ересектер үнемі телефонға үңіліп отырса, баладан гаджетті шектеуді талап ету қиын.

Сондықтан отбасында барлығына ортақ ереже болғаны дұрыс. Бірге тамақтану, серуендеу немесе ойын кезінде телефонды шетке қою – баланың экраннан тыс өмірге қызығушылығын арттыруға көмектеседі.

«Өз үлгіңіз – ең күшті құрал. Гаджетті өзіңіз де орнымен пайдаланыңыз», – деп атап өтті психолог.

Гаджет кей бала үшін маңызды құрал болуы мүмкін

Гаджеттің әр балаға әсері бірдей емес. Мысалы, сөйлеу мүмкіндігі шектеулі балалар үшін планшет немесе телефон қарым-қатынас жасаудың маңызды құралы болуы мүмкін. Оның көмегімен бала өз қалауын білдіріп, сұрақ қойып, айналасындағылармен байланыса алады.

Мұндай жағдайда коммуникацияға арналған құрылғыны уақытпен шектеу дұрыс емес. Мамандар қарым-қатынас үшін бір құрылғыны, ал ойын-сауық үшін басқа құрылғыны пайдалануды ұсынады.

Ең бастысы – гаджет ата-ананың назарын және тірі қарым-қатынасты алмастырмауы керек. Баланың эмоционалдық саулығы, өз-өзін бақылауы, адамдармен сенімді қарым-қатынас орнатуы және күйзеліспен күресе білуі, ең алдымен, жақындарымен араласу барысында қалыптасады.

Оқи отырыңыз: Қан қысымын төмендетуге көмектесетін жеміс аталды

Толық көрсету