Балқашта жаңа демалыс аймақтары бой көтеріп жатыр

03.07.2026 21:34

Курорт жаңарып, демалушыларға жаңа мүмкіндіктер ашылуда

500 көлікке арналған кең автотұрақ, түрлі мейрамхана шоғырланған тамақтану аймағы. Балқашта бір жыл ішінде екі бірдей жағажай қолданысқа берілмек. Алты гектар аумақта орналасқан бір демалыс орнының өзіне бір уақытта 3 мың адам сыяды екен. Нысандардың құрылысына миллиардтаған қаражат құйылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Балқаш көлінің жағалауында заманауи коммуналдық үш жағажай салынып жатыр. Бірінші нысанның құны – 2,8 миллиард теңге. Құрылыс аяқталуға жақын, осы айда қолданысқа беріледі екен. Екінші жағажайға да 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал үшінші нысан келесі туристік маусымда іске қосылады деп жоспарланып отыр.

«Бұл коммуналдық жағажайдың аумағы - 6 гектар. Бұл жерде, міне, өздеріңіз көріп отырғандай, 500 көлікке арналған автотұрақ, сондай-ақ менің артымда фудкорт аймағы, мейрамханаларға арналған фудкорт аймақтары салынып жатыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін полиция қызметкерлеріне, төтенше жағдай қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне арналған бөлмелер, сондай-ақ ана мен бала бөлмесі де осы жерде қарастырылған», - деді Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев.

Осы айдың ортасында аумағы 14 гектар болатын екінші жағажайдың құрылысы басталады. Бұл жерде әсіресе балалардың қауіпсіздігіне көңіл бөлінеді. Яғни, мұнда судың тереңдігі жеткіншектерге сай етіп таңдалған. Ал күзде жауаптылар көлемі 7 гектарды қамтитын үшінші жағажайдың құрылысына кіріседі. Биыл демалуға келген қонақтар мұндағы тазалық пен жол мәселесінің шешім тапқанына риза. Себебі, бұған дейін Балқаш көліне апаратын жол нашар, ал жағалау лас болатын. Қазір мұнда 130 жаңа қоқыс жәшігі қойылған.

«Жол да жасалды осы жаққа дейін. Бұрын 3-4 сағатта жетуші едік, қазір 1,5сағатта жеттік. Осы жылы өте күрт өзгерістер болды деп айтуға болады. Құмын да тазартып берді», - деді демалушы Ерсұлтан Әскеров.

«Балқаштың ең жақсы деген жеріне келіп тұрмыз. Біздің Қазақстанымызда өте көрікті жерлер көп қой. Ең бастысы – Жер жәннаты Жетісу. Біз ешқайда шетелге шықпай-ақ, өз елімізде демалып, осы жерге қаражат құйып, елге мүмкіндік жасаған дұрыс деп ойлаймыз», - деді демалушы Кенже Зейноллақызы.

«Бәрі жақсы, бәрі ұнады. Связь ғана нашар», - деді демалушы Нұрлан Әуелбеков.

Енді Балқашқа жету де жеңілдейді. Себебі, саяхатшылар тасымалын жетілдіруге бағытталған жаңа теміржол вокзалы бой көтеріп жатыр. Ол бір уақытта шамамен 400 жолаушыға қызмет көрсете алады. Лепсі ауылында орналасқан нысан құрылысына 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Заманауи үлгіде тұрғызылып жатқан ғимарат биыл желтоқсанда халық игілігіне беріледі.

«Бұл теміржол вокзалы 1924 жылы салынған. Осы уақытқа дейін жөндеу жүргізілмей, енді ғана 2025 жылы бұл бұрынғы ғимарат толықтай бұзылып, 2025 жылдың тамызында жаңа вокзалдың құрылысы басталды. Бірінші торап – Алматы – Лепсі, Алматы – Талдықорған бағыты, Матай бар, Шығыс Қазақстаннан келетін адамдар, Астанадан келсе де, мысалы, Алматы қаласынан да көп адамдар келеді», - деді Лепсі ауылдық округінің әкімі Ақтөре Қияс.

Көл айдынындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 13 кәсіби құтқарушы кезекшілікке қойылған. Олардың қарамағында жедел әрекет етуге арналған 5 қайық бар. Сонымен қатар, шомылу аймақтарын әуеден бақылау мақсатында 3 дрон жұмыс істейді. Ал құқықбұзушылықтың алдын алу үшін 23 полиция қызметкері мен 7 патрульдік автокөлік демалыс орындарында сақадай-сай тұр. Оған қоса, төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету үшін 6 медицина қызметкері тартылған.

Айта кетейік, былтыр Балқашқа 120 мыңға жуық адам келген. Олардың қатарында шетелдік туристер де бар. Ал биыл жағалауда 150 мыңға тарта мейман демалады деген болжам жасалды.

Айдана Шалқар, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Биыл елордаға – 28 жыл: Астананың даму жолы мен бүгінгі келбеті