Балқаштың әлеуеті артып келеді: Үкімет басшысы Қарағанды облысындағы жұмыстармен танысты

Үкіметтің баспасөз қызметі
Үкіметтің баспасөз қызметі

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың моноқаланы әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Балқаш қаласына барды. Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың моноқаланы әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысады.

Қарағанды облысы, оның ішінде Балқаш қаласы – еліміздің ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі. Өңір экономикасының негізін тау-кен металлургия кешені құрайды. Негізгі өндіріс орындарын жаңғыртумен қатар жаңа бағыттарды, шағын және орта бизнесті, туризмді дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Өнеркәсіптік әлеуетті нығайтумен қатар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға көңіл бөлінуде. 2026 жылы Қарағанды облысының әлеуметтік саласын дамытуға 432 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде білім беру саласына – 298 млрд теңге, мәдениет пен спортқа – 63 млрд теңге, әлеуметтік қамсыздандыру саласына – 55 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 15,7 млрд теңге бағытталды.

Өңірге барған Премьер-министрге әуежайды жаңғырту нәтижелері мен автомобиль жолдарының сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов ұзындығы 363 шақырым болатын «Қарағанды – Балқаш» және 200 шақырым болатын «Қарағанды – Қарқаралы» автомобиль жолдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталғанын баяндады. Ұзындығы 457 шақырым болатын «Қарағанды – Жезқазған» тасжолын реконструкциялау жалғасуда. Өңірде барлығы 643 шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылды, осы мақсаттарға 61,3 млрд теңге бағытталған. Алдағы үш жылда 875 шақырым автожолды жөндеу жоспарлануда, бұл 2029 жылға қарай нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесін 97%-ға дейін ұлғайтады.

Премьер-министр көтерген мәселелер бойынша әкімдікте Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы 1071 жол-құрылыс материалының сынамасын алғанын, оның 81%-ы нормативтік талаптарға сәйкес келгені баяндалды. Анықталған 155 сәйкессіздікті жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, белгіленген 7 автоматтандырылған өлшеу жүйесі республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар бойынша 1859 ұйғарым шығарды. Алдағы екі жылда өңірде тағы автоматтандырылған өлшеу жүйесінің 12 бірлігін орнату жоспарлануда.