Балқашта жаңа қоқыс полигонының құрылысы басталды

14.07.2025 16:12

Жаңа полигонды 40 жылға дейін пайдалануға болады

Балқашта жаңа қоқыс полигонының құрылысы басталды. Өңірдегі мұндай орын әуежайға тым жақын орналасқандықтан ұшақтардың келіп-кетуінде ыңғайсыздық туындаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қоқыс полигонының құрылысы Балқаш әуежайын қайта құрылымдау жұмыстары басталғанда қолға алынды. Жаңғыртудан соң әуе айлағы бір мезетте жеті ұшақты қабылдамақ. Ал ол үшін санитарлық және авиациялық талаптарды сақтау аса маңызды.

 «Мердігер өз есебінен қоқыс полигонын ашамын деп жоба жасай бастады. Ол жобаны толықтай бітірді. Экологиядан және де басқа жерлерден рұқсат қағаздары алынды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Жылдам бітіріп, жаңа полигонды ашу бойынша мердігермен күнделікті жұмыс жасап отырмыз. Ол ашылғаннан кейін ескі полигонды ұстап отырған мердігерлермен ақылдасып, жерді қайта құнарландыру жұмысын жүргіземіз», – деді  Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Жаңа полигонды 40 жылға дейін пайдалануға болады. Нысанда тереңдігі 4 метр болатын үш қабатты гидроизоляция да қарастырылған.  Ал наурызда басталған жұмыстың бірінші кезеңі 30 маусымда аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазір жоба 80 пайызға дайын.

«Бұл полигон жылына 13 мың тонна қоқыс қабылдай алады. Сондай-ақ «Жасыл даму» бағдарламасымен қоқысты қайта өңдейміз. Одан әрі қарай ток  алу ісін ойластырып отырмыз», – деді жобаның жетекшісі Бақтияр Айнабеков

Қазір өңірде 168 қоқыс полигоны жұмыс істеп тұр. Мамандардық айтуынша, 51 орын ғана тиісті экологиялық талапқа сай. Биыл облыс аумағында 6 қоқыс алаңын салу жоспарланған.

Айта кетейік, келешекте Балқаш қаласында қоқыс өңдеу зауыты да салынуы мүмкін. Қазір инвестор оған бизнес-жоспар әзірлеп жатыр.

Жанбота Бейсембайұлы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Бостандық ауданында 230 текше метр қоқыс шығарылды