Сүйек қалдықтары құбырдың ішінде жатқан
Балқаштағы магистральдық желілерде жөндеу жұмыстары кезінде жұмысшылар үш адамның сүйегін тауып алды. Қазіргі кезде тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап.
Жұмысшылар Әлімжанов және Калмыков көшелерінің қиылысындағы магистральдық желілерде жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде үш адамның сүйегінің үстінен түскен. Жұмысшылардың айтуынша, сүйек қалдықтары құбырдың ішінде жатқан.
Оқиға орнына шақыртылған жедел топ адам сүйектерінің табылғанын растады.
Сарапшылардың айтуынша, адам сүйектері бірнеше жыл бойы жатқан. Қалдықтар сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
«Оқиға орнын тексеру барысында адам сүйегі табылды. Сүйектің еті ағып кеткеніне көп уақыт болған. Артынша сол күні ары қарай жүргізілген қазба жұмыстары кезінде сол жерден тағы екі адамның сүйегі табылды. Оқиға орнына сот-медициналық сарапшыны шақырдық. Қазіргі уақытта адам сүйектерінің табылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», — деді Балқаш қалалық полициясының басшысы Әйткен Қадырин.
Оқи отырыңыз: Әйелін пышақтап өлтірген ер адам ұзақ жылға сотталды