Балтамен сыныптастарын жарақаттаған оқушының ата-анасына айыппұл салынды

06.02.2026 18:49

Полиция бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғады

Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде 10-сынып оқушысы қатарластарын балтамен қуып, оларға дене жарақатын салды. Салдарынан екі жасөспірімнің қолы мен иығы зақымданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаға ұстатарлық жағдай екінші сабақ басталмас бұрын үзіліс кезінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша 15 жастағы жеткіншек пен сыныптастары арасында кикілжің туғандаған, 

Зардап шеккен 16 және 17 жастағы оқушыға дәрігерлер дер кезінде көмек көрсеткен. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ал мектепке балта алып келген жасөспірім қамауға алынды. Белгілі болғандай ол мектеп ішілік есепте тұрған. Ал білім ордасының директорына сөгіс берілгенімен, ол ерікті түрде жұмыстан босатылыпты.

«Оқушының оқу үлгерімі орташа. Бала 8 қаңтардан бастап есепке алынған, бірнеше рет психологтармен сөйлекен. Ата-анасы шақырылып, 2-3 рет. Мектепте түсінік жұмыстары жүрігзілген», – деді облыстық Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Полиция бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Білім бөліміндегілер осы жағдайдан соң қаладағы барлық білім беру ұйымында бақылауды күшейтпек. Соңғы бір жылда жеткіншектер арасында төбелес, ұсақ құқықбұзушылық деректері айтарлықтай өскен. Қазір құзырлы орган барлық іс құжатты толық жинақтап жатыр. Ал суық қарумен қатарластарын қорқытқан оқушының ата-анасына айыппұл салынып, әкімшілік іс қозғалмақ.

«Жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Сондай-ақ жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Қылмыстық іс аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді», – деді облыстық ПД бастығының орынбасары Ғалым Байжанов.

Оқи отырыңыз:  Түркістан облысында интернет алаяқтықпен күресудің арнайы жол картасы әзірленбек