Балық аулап отырған үш жігітке оқ атқан күдіктіге ауыр жаза тағайындалды

26.11.2025 13:06

Үш жігіт әртүрлі дәрежеде жарақат алған

ЖИ көмегімен жасалған

Алматы облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты бір жыл бұрын болған қылмысқа нүкте қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы облысы сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабының 2-бөлігінің 1 тармағы бойынша қаралған.

«2024 жылдың 26 қазанында азамат Қонаев–Бақанас автожолының 26-шақырымында орналасқан «Ш» шаруа қожалығы аумағында спирттік ішімдік ішіп, шамамен 22:00-де Іле өзенінің жағасына барып, сол жерде балық аулап отырған үш жігітге бірнеше рет оқ атқан. Үш жігіт әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Дәрігерлердің дер кезіндегі көмегінің арқасында тірі қалды», - деп хабарлайды Алматы облысының соты.

Сот «адам өлтіруге оқталды» деген айыппен келісіп, оған ауыр жаза тағайындады.

«Ұсынылған материалдардың жиынтығы негізінде сот айыпталушының әрекеттерін екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу ретінде саралауға жеткілікті дәлелдер бар деген қорытындыға келді. Оның үстіне, қылмысты мас күйінде жасағанын ауырлататын мән-жай деп тапқан. Сот күдікті адамды 15 жылға соттады», - деп хабарлайды Алматы облысының соттары.

Дереккөз:  Azattyq Rýhy.