Балықшылар биылғы жоспары – 3 млн 517 мың шабаққа жеткізу
Кіші Арал теңізінде балық қоры жыл өткен сайын азайып барады. Мұны мамандар да растап отыр. Әзірге сол су маржанын молайтудың жалғыз жолы – арнайы тоғандарда шабақ өсіру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шынында бабын білгенге балық та байлық. Белуардан су кешіп, судан маржан сүзген балықшылардың мехнатты тірлігі теңізбен біте қайнасқан. Арал ауданындағы жиырмаға жуық елдімекеннің негізгі кәсібі – балық шаруашылығы. Бірақ бұрынғыдай олжа жоқ. Себебі теңіз суының тұздануы балықтың сиреуіне әкеп соққан. Сондықтан мамандар соңғы жылдары балықты қолдан ұрықтандыруды қолға алған. Жергілікті кәсіпкерлер осылайша су маржанының қорын молайтудың тетігін тапқан. «Қамыстыбас» балық тәлімбағында уылдырық шайқау жұмыстары ерте көктемнен басталады. Арнайы тоғандарға жаз бойы бапталған шабақтар осы кезеңде сүзіліп, аумақтағы көлдер мен теңізге жіберіледі.
"Ақ дөңмаңдай балдырмен қоректенеді. А тұқы балығына сәуірден бастап су құйып, уылдырығын алып ұыркүйектің аяғына дейін осында жүреміз. Балықты көлге жібергенше бабын жасау керек", – деді балық өсіруші Шынболат Күлмашов.
Биыл тұқымбақта 12 миллионнан астам шабақ өсірілді. Олар мерзіміне қарай бір және екі жаздық болып бөлінеді. Мамандардың сөзінше, балықтың бабы жақсы, сондықтан әрі қарай теңізде тіршілік ету мүмкіндігі де жоғары. Бұл Қаратерең ауылы маңындағы Тастақ бөлімшесі 1947 жылы құрылған. Бүгінде бөлімшеде 22 тоған бар.
"Биылғы жоспар – 3 млн 517 мың шабаққа жеткізу. Балықтың салмағы 20 грамм болуы керек. Бұл – бес айлық балық. Жаздайғы еңбегіміз. Қазір бәрі салмағы келіп тұр. Теңізге жіберуге болады", – деді «Тастақ» балық өсіру бөлімшесінің меңгерушісі Асылхан Дүйсенғалиев.
Ал «Қамыстыбас» балық тәлімбағы – Арал өңіріндегі тіршіліктің тамыршысы. Теңіз тартылып, балық қоры азайғанда мекеме ғылыми негізде жұмыс істеді. Соның арқасында су айдындарында балық қоры көбейді.
"12 млн бір жаздық, 420 мың екі жаздық балық шабақтары өсіріліп, Сырдария өзенінен Арал теңізіне «Қамыстыбас» су айдындарына жіберілетін болады. Балықтар кәсіпшілік мақсатта толығымен ауланып, жақын-алыс шетелдерге жіберіліп жатыр. Кіші Арал теңізінде ең үлкен лимит белгіленген. Көксерке балығының сүбесі Европа елдеріне экспортталып жатыр", – деді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров.
Шүпірлеген шабақтар үлкен су айдындарында уылдырық шашып, теңіздегі тіршілікті түрлендіреді. Балық – айдынды аймақтың басты байлығы. Ол үшін жыл сайын белгілі бір мөлшер бекітіледі. Ал биыл аудан бойынша 7400 тонна су маржанын сүзуге рұқсат берілген. Соның басым бөлігі Кіші Арал теңізінен ауланбақ.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Қараусыз қалған білім ордасы: Белбұлақ ауылындағы оқушылар ескі "емханада" оқуға мәжбүр