Мамандардың айтуынша, жаңа заң әсіресе әлеуметтік осал топтарға үлкен көмек болмақ
Банкроттық рәсімнен өткен азаматтар шетелге еш кедергісіз шыға алады. Бұл өзгеріс «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға енгізілген жаңа толықтырумен бекітілді, деп хабарлайды Almat.tv.
Айта кетейік, аталған жоба Алматыда сәтті жүзеге асып жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі мәлімдеді.
Естеріңізде болса, банкроттық рәсімнен өткендер үшін шетелге шығуға шектеу қойылып келген. Енді бұл норма алынып тасталып, қаржылық қиындықтан шыққан азаматтар кірісін ретке келтірген соң жаңа мүмкіндіктерге ие бола алады. Сонымен қатар заң борышкерлерге берешектен құтылудың бірнеше жолын ұсынып отыр. Соттан тыс банкроттық рәсімін электронды түрде де рәсімдеуге болады. Ол үшін «электронды үкімет» порталы немесе арнайы мобильді қосымша арқылы өтініш беру жеткілікті. Бұл әсіресе егде жастағы кісілер үшін ыңғайлы, себебі жаңа функция қағазбастылықты едәуір азайтпақ. Мамандардың айтуынша, жаңа заң әсіресе әлеуметтік осал топтарға үлкен көмек болады. Демек ел азаматтары бірнеше жыл бойы мойнындағы қарыздан құтыла алмай жүрсе, қазір бұл мәселені заң аясында шешуге мүмкіндік туған.
«Банкроттық рәсімі шеңберінде әлеуметтік жағынан осал азаматтарға, атап айтқанда атаулы әлеуметтік көмек алушыларға арналған ерекше жеңілдіктер қарастырылған. Бұл санаттағы борышкерлер үшін банкроттық мерзімі – алты ай. Сондай-ақ қарызы бес жылдан аса уақыт өтелмей тұрған азаматтар жылжымайтын мүлігі болса да, өтініш бере алады», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Айдос Бұдығұлов.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында 85 демалыс орны заңсыз салынған