Мәжілісте банктер және банк қызметі туралы заң жобасының таныстырылымы өтті
Мемлекеттен қолдау алған банктер қаржылық жағдайы тұрақтанғаннан кейін инвесторларға сатылып отырады. Бүгін Мәжілісте банктер және банк қызметі туралы заң жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова құжатқа төлем қабілеті жоқ банктердің жұмысын реттеу тетігі енгізілетінін айтты. Сөзінше, мемлекет қаржы ұйымдарына тек күрделі жағдайда ғана көмектесетін болады. Бүкіл жүйеге елеулі әсер ететін банктерге, акционерлердің барлық мүмкіндігі сарқылғанда және міндеттемелер толық қайта қаралғанда ғана қол ұшын созады. Ал қаржылық жағдайы қалпына келген соң банк жаңа инвесторға сатылады және мемлекет салған ақша бюджетке толық қайтарылады.
«Мемлекеттік қолдаудың жалғыз формасы болады. Мемлекет жүйеқұраушы банктің капиталынан тікелей үлес алады. Бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін керек. Мемлекеттің үлес алуы уақытша және қайтарымды негізде болады. Қажет мөлшердің ең төменгі бөлігінде ғана қолдау көрсетіледі. Оның үстіне банктің акционерлерін, басшылығын ауыстыру, дивиденттер мен бонустар төлеуге тыйым салу сияқты шаралармен бірге жүреді», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Сондай-ақ заң жобасында банктердің исламдық қаржы жүйесімен де жұмыс істей алатыны жазылған. Мәдина Әбілқасымова елдегі кейбір банктердің жанынан шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестер құрылатынын жеткізді. Ол үшін Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Пәкістан, Бахрейн, Кувейт, Катар және Индонезияда кеңінен қолданылатын «исламдық терезелер» моделін пайдалануды ұсынып отыр.
«Исламдық терезелер» моделі банктерге жеке банкті құрмай, өз құрылымында арнайы бөлімшелер құру арқылы исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді. Исламдық қаржының ерекшелігін ескере отырып, исламдық қызметті ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов жылыту маусымына дайын емес өңір әкімдеріне ескерту жасады