Бас прокуратура Құрылтай сайлауына қатысты үндеу жариялады

08.07.2026 13:14

Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленді

Аlmaty.tv

ҚР Бас прокуратурасы азаматтар мен сайлау процесіне қатысушыларды Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық және оны өткізу кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Еске салайық, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 1 шілдедегі Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленді.

Бас прокуратураның мәліметінше, Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, 2–23 шілде аралығында партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңі өтеді. Ал 23 шілде күні сағат 18:01-ден бастап сайлауалды үгіт басталып, 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.

Осыған байланысты прокуратура партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғанға дейін кез келген сайлауалды үгітті жүргізуге заңмен тыйым салынатынын ескертті. Мұндай талапты бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Сонымен қатар заңнамада сайлаушыларға тегін немесе жеңілдікпен тауар таратуға, қызмет көрсетуге, ақша ұсынуға, лотереялар мен қайырымдылық акцияларын өткізуге немесе осындай уәде беруге тыйым салынған. Егер мұндай әрекеттер сайлаушыларды сатып алумен ұштасса, қылмыстық жауапкершілік туындайды.

Бас прокуратура сайлау тағайындалған күннен бастап кандидаттардың, саяси партиялардың және оларды қолдайтын тұлғалардың ойын-сауық және спорттық іс-шараларды қоспағанда, қайырымдылық шараларын өткізуіне де жол берілмейтінін атап өтті. Бұл талаптарды бұзу кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеудің күшін жоюға негіз болуы мүмкін.

Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар кандидаттар мен саяси партиялардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпаратты жарияламауға міндетті. Көрінеу жалған мәлімет тарату, жала жабу немесе заңсыз контент жариялау үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Прокуратура қоғамдық пікірге сауал салу тәртібіне де назар аударды. Мұндай зерттеулерді тек заңнама талаптарына сәйкес тіркелген және осы салада кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана жүргізе алады. Сонымен бірге дауыс беру күніне дейінгі соңғы бес күнде және дауыс беру күні сауалнама нәтижелерін жариялауға тыйым салынады.

Бас прокуратура барлық сайлау процесіне қатысушыларды заңдылықты сақтауға, құқықбұзушылықтарға жол бермеуге және сайлауды қолданыстағы заң талаптарына сәйкес өткізуге шақырды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда су шаруашылығын дамытуға арналған ауқымды жобалар жүзеге асуда