Бас прокуратура жол бұзақыларына жауапкершілікті күшейтті

28.07.2026 20:51

Жаңа ережеге сәйкес, 25 тамыздан бастап 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар медициналық тексеруден өтуге міндеттеледі

Елімізде жол-көлік оқиғасы азаймай тұр. Алты айдың өзінде 15 мыңнан астам апат тіркелген, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның жартысынан көбі жол жүрісі қағидаларын қасақана әрі жүйелі түрде бұзатын жүргізушілердің әрекетінен болған. Салдарынан, 5 мың 971 адам жарақат алып, 208 азамат көз жұмған. Ал мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің кесірінен 209 адам зардап шегіп, 8 отындасымыз қайтыс болыпты. Ең ауыр зардаптарға әкелетін құқық бұзушылықтардың қатарында жылдамдықты шамадан тыс асыру мен қауіпті маневр жасау көш бастап тұр. Осы себептерден 8 мыңнан астам адам жарақат алып, 676 азаматтың өмірі қиылған. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін Бас прокуратура жол бұзақыларына қатысты жауапкершілікті күшейтіп жатыр.

Атап айтқанда, орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіліп, жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау қайта қаралмақ.

Сонымен қатар құқық бұзушылықтарды автоматты тіркеу жүйесі кеңейтіліп, жүргізушілердің медициналық қарсы көрсетілімдері туралы мәліметтерді цифрлық форматта алмасу жолға қойылды.

«Қабылданған шаралар нәтижесін беруде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендердің саны 6%-ға (22 346-дан 21 007-ге дейін), ал қаза тапқандар саны 15,5%-ға (955-тен 807-ге дейін) азайды. Соның нәтижесінде 148 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды», – деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Саян Әбденов.

Айта кетейік, жаңа ережеге сәйкес, 25 тамыздан бастап 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар медициналық тексеруден өтуге міндеттеледі. Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде оның медициналық тексеруден өткені туралы мәлімет болмаса, жүргізуші куәлігінің қолданылуы автоматты түрде тоқтатылады. Ал медициналық қорытынды жүйеге енгізілгеннен кейін оның күші автоматты түрде қайта қалпына келеді.

Оқи отырыңыз: Сақ болыңыз: алаяқтар қай купюраны қолдан жасайды