Көпшіліктің сөзінше, құтқарушылар оқиға орнына 1 сағаттан кейін бір-ақ жеткен
«Бас сауғалар жеріміз жоқ». Алматы облысы Алатау қаласында бір апта бұрын өрт шығып, екі бірдей отбасы үйсіз қалды. Баспанасы күл-талқанға айналып, барар жер, басар тауы құрыған қараша көмекке мұқтаж, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қызыл жалын бір апта бұрын қора-қопсының маңында тұтанған. Тілсіз жау екі бірдей отбасын баспанасыз қалдырды. Бірі сау тамтығы қалмай жанып кетсе, екінші пәтердің жарты бөлігі күлге айналған. Тұрғындардың сөзінше, өрттің тез таралуына үй-жайлардың ағаштан салынғаны себеп болыпты. Сондай-ақ екі баспананың бір шатырдың астында орналасуы кедергі келтірген.
«Моншаға су алайын десем, ар жағынан түтін будақтап, от шығып жатыр. Сосын есікті аштым да «Балам, біз жанып жатырмыз» дедім, болды. Содан кейін өзі де басталды. Киім ештеңе алмадық, сасып қалдым», – деді Алатау қаласының тұрғыны Рысбек Топаев.
«Баратын жеріміз жоқ. Қолымызда ұлым мен келінім тұрады. Олардың балалары да кішкентай, 2 айлық сәби бар. Маған өрт шыққанын балам жүгіріп келіп айтты. Далаға жүгіріп шықсам, көршілердің үйі жанып жатыр», – деді Алатау қаласының тұрғыны Галина Лобанова.
Көпшіліктің сөзінше, құтқарушылар оқиға орнына 1 сағаттан кейін бір-ақ жетіпті. Алатау қаласында өрт сөндіру депосы жоқ. Тұрғындар өзге елдімекендерден келген арнайы техниканың 5 минуттан соң суы таусылып, екінші көліктің тіпті, жарамсыз болып қалғанын айтты.
«Суды арнайы қазып алғанбыз. Құдықтан шланг тартып, өрт снндіру көлігі келгенше сөндіруге тырыстық. Құтөарушылар екі көліпен Бұрындай және екі көлік Грэстен келді. Келгеннің өзінде 5 минуттан кейін суы бітіп қалды», – деді Алатау қаласының тұрғыны Кәмилә Ахметхан
Тілсіз жау екі үйді тас-талқан етіп қана қоймай, көрші тұрған үшінші үйдің қора-қопсысына да жетіпті. Ал баспананың өзін көршілері әрең аман сақтап қалған.
«Көмір, отын, моншаның жартысы өртеніп кетті. Үйге су шашып, алдын алдық. Мен үйде болмағам, көршілер шақырып алды. Менің үйім өртенсе, ар жағында тағы үш үй де жанып кетер еді», – деді Алатау қаласының тұрғыны Жанар Бариева.
Баспанасыз қалған азаматтар көмекке мұқтаж. Ал көпшілік сеніп отырған әкімдік тым-тырыс. Тек оқиға орнына тілшілер жеткеннен кейін ғана ақжағалылар осында ағыла бастады. Енді жергілікті билік өкілдері көмек көрсету үшін төтенше жағдай қызметінің тексеріс нәтижесі қажет екенін айтты. Өрттің неден тұтанғаны анықталса, қандай көмек көрсетілетіні де белгілі болмақ.
«Мемлекет тарапынан заңды түрде бір мекемеде жұмыс істесе, күнкөріс деңгейінен аспаған жағдайда Алматы облысы бойынша бір реттік әлеуметтік төлем төленеді. Ол шамамен 400 АЕК», – деді Алатау қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Құралай Дүйсебаева.
Мардымды жауап бере алмаған мамандар үйсіз қалған тұрғындарға уақытша пана беретінін айтып сендіріп, қажетті азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етеміз деп уәде еткен. Алайда көпшілік бір аптадан бері ешқандай көмек көрсетілмегенін айтты.
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Түркістан облысындағы өрт: ауруханада жатқан 7 жастағы қыз көз жұмды