Банк өкілдері «Жас отбасы» және «Ұмай» бағдарламаларының тиімді шарттары мен жастарға арналған жеңілдіктер туралы айтып берді
Алматыда баспана кезегінде тұрғандар мен үй алуды армандаған жастар үшін жағымды жаңалық. Биыл «Наурыз» ипотекалық бағдарламасын қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есе артып, 400 миллиард теңгені құрамақ. Бұл мыңдаған отбасының қоныс тойын тойлауына жол ашады, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Бағдарлама іске қосылғалы бері Алматының өзінде 5 мыңға жуық адам пәтер иесі атанған. Басты артықшылығы — бастапқы жарнаның қолайлылығы мен төмен пайыздық мөлшерлеме.Жас отбасыларға арналған жеңілдіктер«Шарттары өте тиімді. Әсіресе, баспанасы жоқ жастарға қолайлы жағдай жасалған. Мен 18 жасқа толғаннан кейін бірден «Отбасы банкінде» депозит аштым. Сол шотта қаражат жинап, кейін іріктеуден өттім. Осылайша, былтыр өз үйіме қол жеткіздім», – дейді қала тұрғыны Нұрбек Оңласын.
Шаңырақ көтергендеріне 5 жыл толмаған жұптар үшін «Жас отбасы» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл жүйе бойынша несие мөлшерлемесі алғашқы екі жылда небәрі 6 пайызды, кейін 5 пайызды құрайды. Ол үшін жұбайлардың бірлескен депозитінде үй құнының 50 пайызы жиналуы тиіс.
Әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы«Жас отбасы» депозитін екі адамға ашып, қаражаттың 50 пайызын жинаған соң, өздері қалаған үйін алуына болады. Ал некелері 5 жылдан асқан азаматтар үшін пайыздық мөлшерлеме 7,5 пен 8,5 пайыз аралығында белгіленген», – дейді «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Кәмшат Оңалбаева.
Елімізде әйелдердің экономикалық белсенділігін қолдау мақсатында «Ұмай» бағдарламасы да жұмыс істеп тұр. Былтырғы талап бойынша бастапқы жарна 15-тен 50 пайызға дейін, ал мөлшерлеме 14,4 пайызды құраған болатын. Қазіргі таңда «Азия даму банкімен» жаңа келісімдер жүргізілуде, нәтижесінде биылғы жаңартылған жеңілдіктер мен шарттар белгілі болады.
Жалпы, «Наурыз» бағдарламасы арқылы былтыр еліміз бойынша 9 мыңнан астам адам үйлі болса, биыл бюджеттің ұлғаюына байланысты бұл көрсеткіш айтарлықтай өседі деп күтілуде.
Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер – балалар игілігіне: Шымкентте заманауи жатақхана ашылды