Зардап шеккен Қытай азаматы үш туристтен тұратын топта болған
Алматы қаласының таулы аймағында шетелдік турист әйел эвакуацияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
112 пультіне Қытайдан келген туристің Богданович мұздығы маңында жарақат алғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға Медеу ауданына қарасты Богданович мұздығы ауданында, теңіз деңгейінен шамамен 3500 метр биіктікте болған.
"Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 1998 жылы туған әйел басынан жарақат алып, қан кету байқалған. Ол өздігінен төмен түсе алмаған. Зардап шеккен азаматша ҚХР азаматтарынан құралған үш туристтен тұратын топта болған", - делінген ТЖМ хабарламасында.
Құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Алматы қаласының Әмбебап құтқару бөлімшесінің, Құтқару қызметінің және ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жедел түрде жұмылдырылды.
Нақты геолокация анықталғаннан кейін құтқарушылар туристерге жетіп, зардап шеккен әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетті және эвакуациялау туралы шешім қабылдады.
Құтқару операциясы биік таулы жағдайда өтіп, тәуліктің қараңғы уақытының басталуына байланысты күрделене түсті. Заманауи жедел-құтқару техникасы мен реанимобильдің көмегімен шетелдік азаматтар Алматы қаласының медициналық мекемесіне жеткізілді.
Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Конституцияның квинтэссенциясы – оның мызғымас рухы