Батырларға тағзым: Қазақстанда майдангерлерді еске алуға арналған сайт іске қосылды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Порталда қазірдің өзінде 677 мыңнан астам соғыс ардагері туралы ақпарат жинақталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық майдангерлерді еске алу мақсатында «Батырларға тағзым» атты бірегей онлайн-порталын іске қосты. Жобаның мақсаты – Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан қазақстандықтардың ерлігі мен жанкештілігі туралы болашақ ұрпаққа құнды ақпараттарды жеткізу, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, порталда кең көлемді мәліметтер базасы бар.

«Сайтта қазірдің өзінде 677 мыңнан астам соғыс ардагері, оның ішінде 365 Кеңес одағының батыры, 4 екі мәрте Кеңес одағының батыры және 19 «Даңқ» орденінің кавалері туралы ақпарат жинақталған”, - делінген хабарламада.

Интерфейс қажетті ақпаратты табуға ғана емес, сонымен қатар өз ардагер туыстары туралы деректерді қосуға, жаңалықтармен танысуға мүмкіндік береді. Осылайша, бұл портал тарихты болашақ ұрпақ үшін сақтап, батырларға тағзым етіп, құрмет көрсетуге арналған платформа қызметін атқарады.

Онлайн-порталды пайдаланушылар:

  • сайтқа өз туысының тарихын қоса алады: әр адамның соғысқа қатысқан жақындары туралы естеліктерін бөлісуге мүмкіндігі бар.
  • фотосуреттерді жүктей алады: әр қолданушы ардагер туысының суреттерін веб-порталға жүктеп, оның жарқын бейнесін мәңгілікке аманат етуге мүмкіндігі бар.
  • ардагерлердің жаңа мәліметтерін қоса алады: веб-порталдың дерекқорында жоқ ардагерлердің мәліметтерін оңай енгізуге болады.
  • батырлар галереясын көре алады: сайтта қазірдің өзінде көптеген батырлардың өмірбаяндары жазылған галерея бар, кез келген қолданушы бұл бөлімнен олардың өмірі мен жасаған ерліктері туралы көбірек ақпарат алады.
  • жаңалықтар үнемі жаңарып отырады: веб-порталда ардагерлерге және жобаға қатысты жаңалықтар мен оқиғалар тұрақты түрде жарияланып тұрады.

Айта кетейік, Жеңістің 80 жылдығына орай республика бойынша 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 500-ден астам көшеге елеусіз қалған қаһармандар есімі беріледі

Новости партнеров