Үш адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді
Батыс Қазақстан облысында жол-көлік апатынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, қайғылы жол апаты 19 желтоқсанда шамамен сағат 10:05-те Самара — Шымкент автожолының 270-шақырымында болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ВАЗ-2112 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, «Фольксваген Пассат» автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
"Жол апаты салдарынан ВАЗ-2112 автокөлігінің жүргізушісі мен «Фольксваген Пассат» көлігінің бір жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Ал «Фольксваген Пассат» автокөлігінің жүргізушісі мен тағы екі жолаушысы әртүрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді", - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі кезде жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептері анықталуда. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеуде.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік тізгінінде барынша мұқият болуға шақырады.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында полиция есірткі арнасының жолын кесті