Батыс Қазақстанда 16 мектепте 37 сынып қашықтан оқытуға ауыстырылды

03.12.2025 11:30

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды сақ болуға, балалар мен жүкті әйелдерді қорғауға шақырады

Depositphotos

Батыс Қазақстан облысында биылғы 1 қазаннан бері 46 226 адамның жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауырғаны тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз маманы Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, соның 32 771-і — 14 жасқа дейінгі балалар. Соның ішінде 472-сі 1 жасқа толмаған. Сондай-ақ 93 жүкті әйел ЖРВИ-ға шалдықты. 

"Екі айда тұмаумен 116 адам сырқаттанған, олардан А типінің H3N2 вирусы анықталған. Тұмаумен ауырғандар саны 31 пайызға өсіп отыр. Бұлардың 84-і — 14 жасқа дейінгі балалар. 9-ы — жүкті әйелдер", — деді К.Мұхитова.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 16 мектепте 37 сынып қашықтан оқытуға ауыстырылды. Соның ішінде Орал қаласында — 3 мектеп, 6 сынып, 94 оқушы. Бәйтерек ауданында — 9 мектеп (23 сынып, 274 оқушы).

Сонымен қатар Жаңақала ауданында 1 мектепте 1 сыныпқа (21 оқушы), Теректіде 1 мектепте 2 сыныпқа (9 шәкірт), Ақжайықта 1 мектепте 3 сыныпқа (59), Сырымда 1 мектепте 2 сыныпқа (33) қашықтан білім беріліп жатыр. 

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды сақ болуға, балалар мен жүкті әйелдерді қорғауға шақырады. Алдын алу шараларын орындау арқылы вирустың таралуын төмендетуге болады. 

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысының ауылында қайтарылған активтер қаражатына медициналық пункт салынды