"Әбден қажыдық": Жезқазғанда апатты үй тұрғындары жаңа баспанаға қашан қол жеткізеді

Тұрғындар кез келген сәтте ғимарат опырылып кетуі мүмкін деп алаңдайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жезқазғанда он жылдан бері апатты деп танылған екі қабатты үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшу кезегін күтуден әбден қажыған. Жұрт "қабырғалар сетінеп, төбе опырылып басымызға түсер" деген қауіппен күн кешуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл үй 1955 жылы салынған. Шамамен он жыл бұрын апатты деп танылғанымен, әлі күнге дейін мұнда адамдар өмір сүріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, қабырғалардағы жарықтар күн сайын ұлғайып, ғимараттың іргесі шөге бастаған. Көшіру туралы уәде жыл сайын айтылады екен. Алайда нақты нәтиже жоқ. Ал жұрт ұсынылған өтемақыға басқа баспана сатып алу мүмкін емес дейді.

«2019 жылы 3 миллион теңге өтемақы ұсынды. Бірақ ол ақшаға тіпті лайықты баспана түгілі, қарапайым лашық та ала алмадық. Келіспесеңдер, күтіңдер деді», - деді қала тұрғыны Күлжиян Түбекова.

«Біздің үйіміз апатты жағдайда. Ешқандай жағдай жоқ, төбеміз шатырымыз тесік, жаңбыр жауса үйдің бәрі суға толады. Қатты жел болса қабырға сықырлап, түнімен ұйықтамаймыз. Подъездің күйі мынау. Ешқайдан көмек жоқ. Анда бар-мында бар деп сылтау айтады, ешкімнен көмек жоқ», - деді қала тұрғыны Гүлзат Шабекова.

Тұрғындар кез келген сәтте ғимарат опырылып кетуі мүмкін деп алаңдайды. Сондықтан шұғыл түрде қауіпсіз баспанаға көшіруді немесе нарыққа сай әділ өтемақы төлеуді талап етеді. Бұған дейін кейбір тұрғын өтемақы алған. Бірақ әлі күнге осы апатты үйде тұрып жатыр екен. Айтуларынша, берілген қаражатқа басқа баспана сатып алу мүмкін болмаған. Ал Жезқазған қаласы әкімдігінің мәліметінше, бұл үй реновация бағдарламасына енгізілген. Қазіргі таңда тұрғындарды көшіру жұмыстары басталып, тиісті келісімдер жасалған.

«Жезқазған қаласында 31 апатты тұрғын үй тіркелген, оның ішінде 8 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді, ал 23 көппәтерлі тұрғын үй бұзуға жатады. Аталған үйде 8 пәтер орналасқан, оның ішінде 3 пәтердің иелері өтемақы алып, тұрғын үй-жайларын босатты», - деді Қалалық тұрғын үй инспекциясы және тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ақтолқын Айтпаева.

Жергілікті билік өтемақыны қайта қарастыру көзделмегенін алға тартады. Десе де тұрғындар «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы төлем алу немесе қауіпсіз пәтерге көшу мүмкіндігіне ие.

Алтынгүл Төлегенова, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Түркістанда әкесін өлімші етіп ұрып-соққан ер адамның жазасы ауырлады

Новости партнеров