Маусым айында өңірде 78 мм жауын-шашын түскен
Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында толассыз жауған жауын салдарынан ондаған отбасы қиын жағдайға тап болды. Су 12 тұрғын үйге кіріп, тағы 45 ауланы басты. Лайға батқан тұрғындар бұл қауіп туралы алдын ала ескерткендерін, алайда тиісті шара қабылданбағанын айтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Әкімдік мәліметінше, маусым айында Бейнеу ауданында 78 миллиметр жауын-шашын түскен. Соның 58 миллиметрден астамы 4 күн ішінде жауған. Бұл көрсеткіш өңірдегі жылдық жауын-шашын мөлшерінің шамамен үштен біріне тең.
«Кеше де айттық, осындай жағдайдың алдын алу үшін алдын ала су алып беріңіздер деп өтінгенбіз. Әкімдікке де, ТЖ қызметіне де хабарластық. Бірақ қазір мүмкіндік болмай тұр», – деді тұрғын.
Жергілікті билік су тасқынын соңғы күндері жауған нөсер жауынмен байланыстырып отыр. Қазір су сору жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Оған 8 арнайы техника жұмылдырылған. Қосымша Құлсары қаласынан екі жабдық жеткізілген. Әкімдік су басқан аумақтар толық тазартылғанға дейін жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.
«Кезекшілік ұйымдастырылды. Кесте жасақталып, үйлерге кірген су көлеміне қарай, сондай-ақ қауіп төніп тұрған үйлер бірінші кезекте қарастырылуда. Барлық өтініштер бойынша көмек көрсетіледі, жұмыс тоқтамайды», – деді Бейнеу ауылы әкімінің орынбасары Рахымжан Жұмағазиева.
Оқи отырыңыз: Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру: Қазақстанда ауқымды шаралар жүргізіліп жатыр