Биыл ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Бекжан Тұрыс 60 жасқа толды
Алматыда көрнекті театр және кино актері Бекжан Тұрыстың өмірі мен шығармашылығына арналған «Бекзат болмыс» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Кітап «Біз білетін Бекжан», «Ой түбінде жатқан сөз», «Жырға айналған жүрек» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде кино және театр қайраткерлері Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Әубәкір Рахимов, Әлия Бөпежанова, жазушы Зейнеп Ахметова бастаған актердің замандастары мен кейінгі толқын іні-қарындастарының шынайы жазбалары топтасса, екінші бөлімде актердің ақпарат құралдарына берген мазмұнды сұхбаттары, үшінші бөлімде танымал ақындардың Бекжан Тұрысқа арнаған жырлары топтастырылған.
«Бекжан ағамыз - ұлт руханиятына және өнерге қызмет етіп қана қоймай, елдің сөзін айтып жүретін еркін ойлы азамат. Сондықтан оның әр жерде айтқан ойлары, берген сұхбаттары, тіпті радио мен телеарналарда айтқан әңгімелері де қағазға түсірілді», – деді ақын Алмат Исәділ.
Сондай-ақ жинақта театр сыншылары мен режиссерлер, актерлер қайраткердің актерлік еңбегіне жан-жақты тоқталып, оның қазақ театр өнерінің дамуына, актерлік мектептің шыңдалуына қосқан үлесіне кәсіби тұрғыда баға береді. Азаматтық болмысына да тоқталып, тұлғалық ерекшелігін атап өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Бекжан Тұрыс 60 жасқа толды.
«Ақын інілерім, қарындастарым, журналистер, бәрі бірігіп мен туралы (жалпы халықтың пікірін) кітап шығарыпты. Бұл мен үшін тосынсый болды. Маған хабарласып шақырған соң қуана келіп отырмын. Баршаңызға ерекше рақмет айтқым келеді», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер Бекжан Тұрыс.
Оқи отырыңыз: Енді ата-анадан шағым түссе, балабақшада бірден тексеріс жүргізілмек