Бұл бақта алманың екі түрі өсіріледі
Алматыда алма теруге асыққандар көп. Қаладан 27 шақырым жерде орналасқан бақ биылдың алғашқы жемісін беріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Талғар ауданы, Белбұлақ ауылында орналасқан бақ. 6 гектар аумақта 3200 алма ағашы бар. Бүгінде пісіп, жемісін беріп тұр. Сәйкесінше, бақты арнайы іздеп келетіндер саны артқан. Бірі жеміс түрлерімен танысып, теріп алуға келсе, енді бірі таза ауамен тыныстап, табиғат аясында тынығуды қалайды.
«Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы көрдім. Содан кейін жолдасыма айтып, осы жерге келдік. Көпбалла анамын, балаларымызға жемістерден ала кетсек деген ойымыз бар», – деді облыс тұрғыны Айғаным Сартаева.
«Таза ауасын, алманың иісін сезіп, көзбен көріп, теріп келейік деп қызықтық. Қолжетімді бағасы арзан», – деді облыс тұрғыны Ерлан Данияров.
Бұл алмабақта алманың екі түрі өсіріледі. Бірі америкалық алма болса, екіншісі мына айдаред. Бағбандар жемістің қай түріне болсын сұраныс көп екенін айтты.
«Алмабаққа күніне мыңға жуық адам келеді. Ал демалыс күндері одан да көп. Соңғы бір аптаның өзінде жеміс теруге келгендердің саны 5 мыңнан көп. Сәуірден қазан айына дейін бұл жерге туристер ағылады. Алманы ағаштан теріп алса 350, ал, жиналғанын алса 200 теңге, – деді шаруа қожалығының басшысы Мұхаммед Джульфаев.
Алма бағы – Талғар ауданының мақтанышы. Бағбандардың сөзінше, бір маусымда 160 мың тоннадан аса өнім жиналады. Жеміс Алматы қаласындағы дүкендерге жеткізіледі.
Айта кетейік, бақ қазан айының соңына дейін жұмыс істейді.
Диана Тұрлыбек, Алишер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: «Қайрат» пен «Пафос» арасындағы матчқа билеттер қайда сатылады