Белгілі журналист Айгүл Аханбайқызы өмірден өтті

23.08.2025 12:58

Айгүл Аханбайқызы 53 жасқа қараған шағында дүниеден өтті

Фото: журналистің Facebook парақшасынан

Белгілі қаламгер, қазақ баспасөзінде, қазақ журналистикасында ойып тұрып өз орнын алған танымал журналист, аяулы әріптес Айгүл Аханбайқызы дүниеден өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Айгүл Аханбайқызы 1972 жылы Жетісу облысы Ақсу ауданы Ойтоған ауылында туған. 

1979 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектептің табалдырығын аттады. 1989 жылы Алматы қаласындағы Ғабит Мүсіропов атындағы №86 қазақ орта мектебін тәмамдаған.

1990-1995 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын студент кезінен бастап, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші болып істеген. Әр жылдары түрлі республикалық басылымдарда қызмет еткен. Оның қатарында «Жас алаш» республикалық қоғамдық-саяси газеті, «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Халық сөзі», «Егемен Қазақстан» басылымдарында аға тілші, бөлім редакторы, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеген. 

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында баспасөз қызметінің менеджері болып еңбек еткен.

Ақпарат саласының үздігі, Құрмет орденінің иегері еді.

Соңғы жылдары сырқаттанып жүрген Айгүл Аханбайқызы 53 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.