Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағымдануға болады
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасауға қатысты резонанстық іс бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сот шешімімен сотталушы Ернар Жиембай Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жаза орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару мекемесінде өтелетін болды.
Сот үкімінде Жиембайдың кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, заттай айғақтармен, сондай-ақ сот сараптамасының қорытындыларымен толық дәлелденгені атап өтілді.
Жаза тағайындау барысында сот оның жасаған қылмысының сипатын, қоғамға қауіптілік дәрежесін, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескерді. Атап айтқанда, жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған балалары барын және өз ісіне өкініш білдіргенін назарға алды. Ал ауырлататын мән-жай ретінде қылмысты масаң күйде жасағаны көрсетілді.
Сот Жиембайдың әрекеті аса ауыр қылмыс санатына жататынын айта келе, оған неғұрлым қатаң жаза тағайындауды орынды деп тапты. Жазаның жеңіл түрін қолдануға негіз жоқ деген қорытындыға келді.
Еске сала кетейік, 21 сәуір күні Руслан Берденов қалалық әкімдік ғимаратының жанында жарақат алған еді. Кейін Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданған.
21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.
Руслан Берденов ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.
Оқи отырыңыз: Жеңіл жаза тағайындаңызшы: Ернар Жиембай сотта соңғы сөзін айтты