Қаламгердің мерейтойына орай Францияның астанасы – Парижде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланған
«Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат» сынды шығармалардың авторы, қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын республика көлемінде атап өтіп жатыр. Алматыда жалғасқан кеште балалар әдебиетінің бәйтерегі жазған шығармалар сахналанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Танымал актер, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс оқыған монолог – Бердібек Соқпақбаевтың "Менің әкем" туындысынан алынған үзінді. Өзі өмір сүрген заманның келбетін суреттеп, бастан кешкен оқиғаларының кейбірін кітапқа қосқан қаламгер шығармаларында жақындарын қаз-қалпында бейнелеп, болмысын ашуға тырысқан. Тіпті оларды атымен де атапты. Оған Алатау дәстүрлі өнер театрына жиналған жұрттың да көзі жетті. Сахналанған туындылардың арасында Бердібек Ыдырысұлының "Өлгендер қайтып келмейді" атты еңбегі де болды.
"Қоғамға берер ойы өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені адамдар арасындағы қимастық, сыйластық, бір-біріне деген жақсы тілегін арнап, қарым-қатынас жасауы – маңызды. Менің жан-жүрегімді, болмысымды, санамды жақсылыққа, жылылыққа бөлейді", – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл.
"Менің атым Қожа" шығармасының үзіндісімен шымылдығы түрілген сахналық қойылымдар концерттік бағдарламаға ұласты. Қала тұрғындары сүйікті әншілерінің өнерін тамашалауға мүмкіндік алды.
"Бердібек Соқпақбаев атамыздың қызы келіп, әсерлі әңгіме, естеліктер айтты. Бүгінгі концерттен көп мағлұмат алдық. Концертке келгеніме қуаныштымын", – деді қала тұрғыны Гүлжазира Мырзахметова.
"Бұл кісінің шығармасы 70 тілге аударылған. 70 халық өз тілінде "Менің атым Қожаны" оқиды. "Менің атым Қожаны" оқу арқылы қазақтың баласын таниды. Көрдіңіз бе? Қазақ деген халықтың бауырынан шыққан талантты адамның бүкіл әлемге танылғанына ризамыз", – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.
Кешті қорытындылау үшін сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов театрда ине шаншар орын қалмағанына қарап, қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек салған талантты жазушыға деген елдің ықыласы мен құрметі әрдайым жоғары болатынын жеткізді.
Атап өтер жайт, биыл ойлы қаламгердің мерейтойына орай Францияның астанасы – Парижде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланған.
Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз:Алматы мен Шанхай бауырластық қатынас орнатпақ