Жоғалып кеткен: Ақтөбеде ерлі-зайыптының денесі табылды

21.11.2025 16:48

Полиция мәліметінше, ер адам алдымен әйелін өлтіріп, содан кейін өзіне қол салған

Аlmaty.tv

Ақтөбелік 20 қарашада жоғалып кеткен ерлі-зайыптылар қала сыртынан өлі табылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Диапазон басылымының жазуынша, алдын ала мәліметтерге сәйкес, 40 жастағы ер адам мен оның жұбайы таңғы сағат 10.00 шамасында 41-разъезд ауданында орналасқан үйінен шығып, көлікпен кетіп қалған соң сол күйі байланысқа шықпаған.

Кейінірек олардың мәйіттері табылғаны белгілі болды. Әлеуметтік желі қолданушылары ерлі-зайыптылардың артында бес баласы қалғанын жазды.

Ақтөбе облысы полиция департаменті аталған ақпаратты растады. Қала сыртындағы аумақтан 43 жастағы әйелдің зорлықпен өлтірілген мәйіті табылған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Одан кейінгі іс-шаралар барысында оның күйеуінің асылып тұрған денесі табылған. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр: қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізілуде, аумақ қаралып, дәлелдемелер жиналып жатыр. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті сараптамалар тағайындалады», – делінген полиция хабарламасында.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ер адам алдымен әйелін өлтіріп, содан кейін өзіне қол салған.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде көлік қағып кеткен 7 жасар қыз көз жұмды