Бес өңірде су тақсыны болуы мүмкін - Қанат Бозымбаев

20.03.2026 14:18

Олар – Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары

Жақын күндері 30-дан астам елдімекенде су тақсыны болуы ықтимал. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv 

Оның айтуынша, 5 өңірде су жайылуы мүмкін. Олар – Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары. Соңғы үш аймақта қатер жоғары. Вице-премьер су тасқыны қаупіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – топырақтың ылғалдылығы мен жердің тоңы екенін атап өтті. Ол дайындық жұмысы қызу жүріп жатқанын да жеткізді. Қазірдің өзінде жоспар 92 пайыз орындалған. Құм салынған қапшықтар да, мамандар да дайын.

«Қазақстан бойынша 39 мың адам бар. 12 мың бірлік техника дайын. Тиісті қапшықтар, басқа да дайын өнімдер дайын, резервте бар бізде. Мен өңірлерде болғанда тиісті әкімдерге тапсырма бердім. Тиісті бөгеттерді немесе каналдарды немесе арықтарды тазартып, орнатып, су келсе сол арықтар арқылы ары қарай жіберу керек», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев

Оқи отырыңыз: Арал маңын көгалдандыру жұмысын бақылау күшейтіледі - Үкімет басшысы