Аортаның жыртылуы – шұғыл араласуды талап ететін ең ауыр диагноздардың бірі
Алматы қалалық кардиологиялық орталығында аортаның қабаттанып жарылуы диагнозы қойылған пациентке аса күрделі операция сәтті жасалды. Бұл – кардиохирургиядағы ең өмірге қауіпті жағдайлардың бірі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Денсаулық сақтау министрлігінен хабарлағандай, пациент 2020 жылы аортакоронарлық шунттау операциясын басынан өткерген. Арада бірнеше жыл өткен соң оның жағдайы қайтадан күрт нашарлап, аортаның қабаттанып жарылуы пайда болды, ол аортаның жыртылуына алып келген. Мұндай жағдайда әр минут шешуші рөл атқарады.
Аортаның жыртылуы – шұғыл араласуды талап ететін ең ауыр диагноздардың бірі. Екіншіден, бұл - бұрын шунттау жасалғаннан кейінгі ашық жүрекке қайталама операция. Мұндай жағдайларда тіндердің өзгеруі, жабыспалардың болуы өмірлік маңызды құрылымдарды ажыратуды өте қиындатады.
Кардиохирургтер жасанды қанайналым аппаратын қолдана отырып, пациенттің қанайналымын толық бақылауда ұстап, шамамен бес сағат бойы жұмыс істеді.
Операция барысында мамандар аортаның зақымданған бөлігін алып тастап, оның тұтастығын жасанды тамыр протезі арқылы қалпына келтірді.
Операцияны кардиохирургтер, кардиологтар, анестезиолог-реаниматологтар, перфузиологтар және операциялық мейіргерлерден тұратын мультидисциплиналық команда жүргізді.
Команданың үйлесімді жұмысының арқасында пациентке сәтті оперция жасалды.
Қазіргі уақытта ер адам дәрігерлердің бақылауында, оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.
«Әрбір мұндай операция – өмір үшін күрес. Біз жағдай қаншалықты ауыр көрінсе де, пациентке мүмкіндік беру үшін заманауи кардиохирургияның барлық мүмкіндіктерін қолданамыз», – деді қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаев.
Оқи отырыңыз: Қазақстан аумағында тұмаудың жаңа түрлері анықталды ма – ДСМ жауабы