Мәди Қайсарұлы 20 елді аралап үлгерген
Қатардағы жауынгер Мәди Қайсарұлын әріптестері «полиглот» деп атайды. Оның себебі 24 жастағы әскери қызметші төрт түрлі тілдік топқа жататын бес тілді еркін меңгерген, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық қорғаныс университеті әскери-ғылыми взводының инженерлік-техникалық бөлімшесінің қатардағы жауынгері Мәди Қайсарұлы түрік, славян, герман және роман тілдік топтарына жататын бес тілде сөйлейді. Бұл ерекше қабілет оған әртүрлі ортада еркін қарым-қатынас жасауға және өзгеше мәдениеттерді терең зерттеуге мүмкіндік береді.
24 жасына дейін Мәди 20 елді аралаған. Өз сөзінше, тіл меңгеруде мотивация, жүйелі тәжірибе және халықтың мәдениетіне қызығушылық өте маңызды.
– Тілді игеру үшін жүйені түсіну, ережелер мен заңдылықтарды ажырата білу керек. Сол арқылы бөтен дыбыстар мен таныс емес сөздерден сөйлем құруға болады. Адамның қалауы алдынан есік ашады, табандылық зерттелмеген әлемге жетелейді, ал жүйе адаспауға көмектеседі, – дейді Мәди.
Мәди екі тілді ортада тәрбиеленген. Ол ана тілін және орыс тілін еркін меңгерген. Ал шет тілі ретінде алдымен ағылшын тілін игерген, кейін лицейде түрік тілін оқып, Испанияда білім алған кезінде испан тілін меңгерген.
Сарбаз өз жетістігімен тоқтап қалуды ойламайды. Ол тағы үш-төрт тілде еркін сөйлегісі келеді, себебі тіл білу адамға бүкіл әлемді ашады.
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тумасы Мәди жаңа тілді меңгергенде сол халықтың мәдениеті мен менталитетін терең түсінуге ұмтылады. Ол бірнеше тіл білу когнитивтік қабілеттерді дамытып, жадыны, назарды, ойлау мен сөйлеуді жетілдіретініне сенімді. Бұл хобби оған әскери оқу-жаттығуларда әртүрлі тапсырмаларды жылдам орындауға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алматыда өрт сөндірушілер ер адамды құтқарып, тұрғындарды эвакуациялады