Бет-әлпетті таниды: Петропавлда бейнекамералар іске қосылды

17.11.2025 18:30

Пилоттық режимде орнатылған 5 face ID камерасы іздеуде жүргендер мен іс-түссіз жоғалған адамдарды бірден анықтай алады

Петропавлда жасанды интеллектпен жабдықталған бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Пилоттық режимде орнатылған 5 face ID камерасы іздеуде жүргендер мен іс-түссіз жоғалған адамдарды бірден анықтай алады. Жүйе нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, камера күдікті тұлғаны таныған сәтте ақпарат бірден Жедел басқару орталығына жіберіледі. Бүгінде жаңа технология өз тиімділігін көрсеткен. Болашақта мұндай бейнекамералар облыс орталығының адамдар көп жүретін өзге де аумақтарына орнатылмақ. Толық іске қосылғаннан кейін бірыңғай республикалық деректер базасына қосылады.

«Биыл 241 адам анықталды. Олардың арасында пробациялық бақылауда тұрғандар да бар. Келесі жылы облыс әкімдігі бейнеаналитиканы енгізуге 38 миллион теңге бөлуді жоспарлап отыр», – деді Полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының бас маманы Алмаз Сәдуақасов.

Оқи отырыңыз: ChatGPT енді ұзын сызықшаны қолданбайды