Бетін де тіліп тастаған: Шымкентте жас қыздың денесін туыстары мәйітханадан алды

12.01.2026 18:42

Ал күдікті әлі бостандықта жүр

Шымкентте жас қызды пышақтап кеткен қылмыскер әлі де бостандықта жүр. Бұл жағдай марқұмның туған-туыстарының ашу-ызасын тудырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Марқұм Нұрай Серікбай күні кеше кісі қолынан қаза тапты. Екі ағасы бар үйінің жалғыз қызын 28 жастағы ер адам қуалап жүріп пышақтаған. Онымен қоймай бетін де тіліп тастаған. Қанды қылмыс қала ортасындағы Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында болған. Сұмдық сәттің барлығы маңайдағы бейнекамераға түсіп қалыпты.

Ал бүгін жас қыздың денесін туған-туыстары мәйітханадан алып шықты. Қайғылы жағдайдан кейін олар әлі де өзіне келе алмай отырғанын жеткізді. Тіпті бойжеткеннің ет жақындары көз жасына ерік беріп, пікір айтуға шамасы келмеді.

«Бұл сұмдық жағдайды кеше сағат 20:00-де естідік. Мен өзім қазір толқып тұрмын. Қызымызды айуандықпен өлтіріп отыр. Бұл – өте ауыр қайғы. Жаңағы күдікті бала әлі ұсталмады. Заң жүзінде қамалып, жазасын алсын», – деді марқұмның жездесі Кәрім Кенжетаев

Бүгінде күдіктінің кім екені белгілі болған. Алайда полицейлер оны әлі де қолға түсіре алмай отыр. Алдын ала дерек бойынша, кінәлі азамат «HYUNDAI» көлігімен қашып кеткен көрінеді.

«Бұл жайт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдіктінің жеке басы анықталды.  Алдын ала мәліметке сәйкес, ол жәбірленушімен бұрын таныс болған. Қазіргі уақытта оны ұстауға және қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», деді қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Марқұм Нұрай Серікбай ертең туған жері Түркістан облысы, Төрткүл ауылында жерленбек. Қыршыннан қиылған бойжеткеннің туыстары әділдікті талап етіп, қылмыскердің жазасыз қалмауын сұрап отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Бұған дейін  Шымкентте 21 жастағы бойжеткен көз жұмғанын зағанбыз