23 маусымда Қазақстанда кәсіби мереке — Мемлекеттік қызметші күні атап өтіледі. Бұл мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен азаматтардың өмір сүру сапасы тікелей байланысты жандардың мерекесі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл күн 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының бастамасымен бекітілген, ал біздің елімізде 2013 жылдан бері ресми түрде атап өтіліп келеді.
Бүгінде бұл мереке Қазақстанда мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген 83 мыңнан астам адамның кәсіби мейрамы саналады. Мұнда басқарушы лауазымдардың иелерінің шамамен 40%-ын әйелдер құрап отыр, ал жалпы кадрлық құрамдағы олардың үлесі — 56,2%. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы — 40,5 жас, ал қызметкерлердің 33,2%-ы — 35 жасқа дейінгі жас мамандар. Жүйедегі орташа жұмыс өтілі 12 жылға жетеді.
Мемлекеттік қызметші болу — жоғары жауапкершілік таныту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті — халыққа және мемлекетке қызмет ету. Оның айтуынша, мемлекеттік аппарат өкілдері жеке мәртебесін немесе беделін емес, елге пайда әкелуге деген шынайы ұмтылысты басшылыққа алуы тиіс.
Әділетті Қазақстанды құруда негізгі рөл дәл осы мемлекеттік қызметшілерге жүктеледі. Олар жауапты, бастамашыл және нақты нәтижеге бағытталған болуы керек.
Сол себепті де мемлекеттік қызмет кәсіби білім мен заңнаманы терең түсінуді ғана емес, сонымен бірге жоғары моральдық қасиеттерді, жауапкершілікті және адамдармен жұмыс істей білуді талап етеді. Жас мамандарды тартуға ерекше назар аударылады, өйткені мемлекеттік басқарудың болашағын көбіне солар айқындайтын болады.
Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңға қол қойылды: не өзгереді?
Соңғы жылдары елде мемлекеттік аппаратты жаңартуға, мемлекеттік қызметшілердің дербестігін кеңейтуге және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған бірқатар реформалар іске асырылуда.
Биылғы жылы осы сала үшін маңызды оқиғалардың бірі — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға және заңнамаға түзетулер енгізу туралы ілеспе құжаттарға қол қоюы болды.
Құжат мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға және мұнда білікті кадрларды ұстап тұруға бағытталған кешенді шараларды қарастырады. Атап айтқанда, мансаптық өсудің көлденең механизмі енгізілуде: мемлекеттік қызметшілер атқарып отырған лауазымын ауыстырмай-ақ, лауазым деңгейі мен еңбекақысын көтере алады.
Заңның негізіне мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіруді және кадрлық процестерді цифрландыруды көздейтін Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы алынды.
Сонымен қатар, заңмен жалақыны үш жылда кемінде бір рет міндетті түрде индекстеу бекітілген. Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік қызметтегі орташа жалақы шамамен 440 мың теңгені құрайды.
Әлеуметтік кепілдіктер де айтарлықтай кеңейтілді. Мемлекеттік қызметшілер үшін басқа елді мекенге ауысқан кезде төленетін төлемдер, еңбек өтілі үшін ақылы демалыстың қосымша күндері, сондай-ақ үлкен еңбек өтілі мен мемлекеттік наградалары бар қызметкерлер үшін зейнеткерлікке шыққан кезде біржолғы сыйақы қарастырылған.
Кадрлық процестерді цифрландыру мен ашықтығына бөлек көңіл бөлінген. Іріктеу процедуралары «Е-қызмет» жүйесі арқылы электронды форматқа көшіріледі, сондай-ақ кандидаттарды алдын ала даярлау механизмі енгізіліп, кейіннен конкурссыз жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі.
Мемлекеттік қызметшілердің өздеріне қойылатын талаптарға да ерекше назар аударылады. Негізгі қағидаттардың қатарында — патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдеп нормаларын сақтау, мінсіз бедел және сыбайлас жемқорлық пен мүдделер қақтығысына мүлдем төзбеушілік бар.
Бұдан бөлек, заң қосымша еңбек кепілдіктерін бекітеді. Атап айтқанда, жұмыс уақытының ұзақтығы регламенттеледі, мерзімнен тыс жұмыс және демалыс күндеріндегі жұмыс үшін өтемақы қарастырылады, сондай-ақ кішкентай балалары бар ата-аналар, жүкті әйелдер және отбасы мүшелеріне күтім жасайтын қызметкерлер үшін икемді жұмыс шарттары жасалады. Мамандықтың тартымдылығын арттыру үшін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, басқа жерге көшкен кездегі өтемақы, сондай-ақ қызмет бабымен ауысқан мемлекеттік қызметшілердің балаларына балабақшадан кезектен тыс орын беру сияқты қолдау шаралары қарастырылған.
Заманауи мемлекеттік қызметші қандай болуы керек?
Заңнамалық өзгерістермен қатар Қазақстанда мемлекеттік қызметтің құндылықтық трансформациясына да ерекше мән беріліп отыр. Бүгінде шенеуніктерден тек кәсібилік пен тиімділік қана емес, қоғам алдындағы жоғары жауапкершілік те күтіледі.
Мемлекеттік басқарудың жаңа моделінің негізі ретінде «Заң мен тәртіп» қағидаттары, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және «Адал азамат» құндылық бағдары алынды. Бұл тәсілдер ашықтықты, адалдықты, әділдікті және азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істеуге дайын болуды білдіреді.
Мұндай жүйеде мемлекеттік қызметші жай ғана әкімшілік функцияларды орындаушы емес, қоғамдық мүдделердің жетекшісі және мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір ретінде қарастырылады. Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы дәл осы қағидаттарға негізделіп құрылуда.
Оқи отырыңыз: Алматыда 8-14 маусым аралығында ауа райы қандай болады