Жолдағы қауіпсіздік: жолаушы тасымалдайтын жүргізушілерге қандай тыйым салынады

Қазақстанда биыл 23 мың жол апаты тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жылдан бастап рөлі оң жақта орналасқан көліктер такси платформаларына тіркеле алмайды. Сонымен қатар жүргізушілерге 9 сағаттан артық жолаушы тасымалдауға тыйым салынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда биыл 23 мың жол апаты тіркелген. Соның салдарынан 2 мың 300-ден аса адам көз жұмған. 33 мыңнан жоғары жан жарақат алған. Полицейлердің айтуынша, адам шығынымен болатын жол апаты әсіресе Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында көп тіркеледі. Ақтоты Боранованың айтуынша,  оқыс жағдайға жүргізушілердің жол ережесін өрескел бұзуы себеп болады. Сол үшін бейнебақылау камераларын көбейткен.

"Біздің қалаларда, елдімекендерде республика бойынша 25 мыңнан астам автоматты түрде тіркеу жүйесі бар. Жол ережелерінің барлық құқықбұзушылықтың 50 пайызы автоматты түрде тіркеу жүйелерімен анықталады", – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова.

Полицейлердің арнайы көліктеріне де камералар орнатылған. Олар жолдағы ережені елемеген жүргізушілерді өздігінен тіркеп, құқықбұзушының жеке кабинетіне жөнелтеді. Полицейлер осылайша жолда жан тапсыратын жолаушылар санын азайтуды көздеп отыр. Тақтайдай тегіс трассадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін адам таситын жүргізушілерге де мән берілуде. Мәселен жаңа жылдан бастап рөлі оң жақта орналасқан көліктер такси платформаларына қабылданбайды. Көлік министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл ең алдымен жолаушылардың амандығы үшін жасалып отыр.

"Оң жақ рөлді автокөліктер қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта көптеген жол көлік оқиғалары болып жатыр. Техникалық талаптарда да олқылықтар болады. Сол себепті жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ол талап етілуде", – деді ҚР Көлік министрлігі басқармасының басшысы Жәдігер Тілеген.

Жаңа жылдан бастап әуелде рөлі оң жоқта болып, кейін солға қарай ауыстырылған көліктер де жолаушы тасымалдай алмайды. Айтпақшы, такси жүргізушісінің бір тәулікте 9 сағаттан артық жұмыс істеуіне шектеу қойылады. Оның жұмыс уақытын платформа автоматты түрде есептеп, 9 сағаттан кейін шығарып жібереді. Жолаушы тасымалдаумен айналысатындарға мұндай талапты Ішкі істер және Көлік министрліктері бірігіп әзірлеген. Мақсат бір – жолдағы адам өлімін азайту.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оөи отырыңыз: Алматы - арман қала: шаһарға келген туристерді не қызықтырады

Новости партнеров